Абай ұрпақтарының үйіне ескерткіш тақта қойылды

10 тамыз 2025 10:30 / Новости Казахстана

Абай ұрпақтарының үйіне ескерткіш тақта қойылды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Қарауылдағы қасиетті қара шаңырақты ойшылдың немере інісі Әрхам Кәкітайұлы өз қолымен салған. 1961 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының сүйегі 30 жыл бойғы құдық басындағы иесіздіктен кейін қайта қазылып, мәйіті осы үйде аруланып, жаназа шығарылған еді. Ескерткіш тақтаға осы дерек жазылды.

Сондай-ақ Абай дәуірінің тірі шежіресі, кемеңгер жайлы ең құнды деректерді бізге жеткізгенӘрхам Кәкітайұлының осы шаңырақта тұрғаны таңбаланды. Бұл – жай ғана тақта емес, тарихқа тағзым, ұрпаққа аманат. Қазір бұл киелі баспанада Құнанбайдың бесінші ұрпағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағатаева тұрады.

Айта кетейік, Семейде хакім мерейтойына орай мәдени, рухани шаралар жалғасып жатыр. Бүгін Шәкәрім университетінің ұйымдастыруымен «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған еліміз бен шет елден келген ғалымдар мен философтар қатысып, ұлы ойшылдың бүкіл адамзатқа арнап қалдырған мол мұрасына қатысты зерттеулері мен еңбектер жайлы айтты.

Бүгін сондай-ақ облыс орталығында «Абайға тағзым» республикалық акциясы аясында Достық үйінің іргетасына капсула салынды.

Серіктес жаңалықтары