Қазақ тілін дамытуға жиналған қаражат 824 миллион теңгеге жетті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлын қабылдады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Кездесуде мемлекеттік тілді дамыту, қазақша контентті көбейту және жасанды интеллект саласында қазақ тілінің қолданысын кеңейту мәселелері сөз болды.
Рауан Кенжеханұлы қоғамның атқарып жатқан жұмыстары мен жаңа жобалары туралы баяндады. Ұйым қазір үш негізгі бағытқа басымдық беріп отыр. Олар – қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, мемлекеттік тілдегі контентті көбейту және оны цифрлық технологияларда кеңінен қолдану.
Қоғам төрағасының айтуынша, OpenAI компаниясымен бірлескен жоба аясында көлемі 14 миллиард токен болатын қазақша мәтін корпусы жасалған. Сонымен қатар 12 мың сағаттық аудиожазба жинақталған. Бұл деректер жасанды интеллект жүйелерінің қазақ тілін түсіну және өңдеу мүмкіндігін жақсартуға көмектеседі.
Сондай-ақ соңғы үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 танымал фильмі қазақ тіліне дубляждалып, кинотеатрларда көрсетілген.
Қорда қанша қаражат бар?
Кездесу барысында Рауан Кенжеханұлы Qazaq Tili Endowment қорының жұмысы туралы да мәлімет берді. Қазіргі уақытта қорға жиналған жарналардың жалпы көлемі 824 миллион теңгеге жеткен. Бұл қаражат қазақ тілін дамытуға бағытталған жобаларды қолдауға жұмсалмақ.