Air Astana басшысының жұбайы туыстарына жеңілдікпен билеттер алған
FlyArystan компаниясының бұрынғы қызметкері Ренат Абулхановтың қорғау тарапы Air Astana топ-менеджерлерінің туыстарына жеңілдетілген әуе билеттері сатылғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, билеттер басшылықтың нұсқауымен рәсімделген, оның ішінде әуе компаниясының басшысы Питер Фостердің жұбайына да жеңілдетілген бағадағы билеттер берілген, деп хабарлайды Arbat.Media.
Қылмыстық іс 2024 жылдың соңында Air Astana кассасында 1 миллиард теңгеден астам қаражаттың жетіспеушілігі анықталуына байланысты қозғалған. Аудиторлық тексеруден кейін компания құқық қорғау органдарына жүгінген.
Іс бойынша үш адам айыпталуда: табыстарды есепке алу жөніндегі менеджер Еркін Исанов, сату менеджері Дәуір Еркенұлы және FlyArystan табыстарды басқару департаментінің экс-директоры Ренат Әбілханов. Олардың барлығы сот алдында жауап беруде.
Жуырда Әбілханов ашық үндеу жариялап, жеңілдетілген билеттер шенеуніктер мен журналистерге де берілгенін мәлімдеді. Дәлел ретінде қорғау тарапы хат алмасулардың скриншоттарын, соның ішінде Татьяна Фостермен жазысқан хабарламаларды да жариялады.
Сонымен қатар «Air Astana» АҚ-ның үкіметтік байланыстар жөніндегі атқарушы директоры тарапынан жіберілген сұраныстар туралы да айтылды.
Air Astana компаниясы сот үкімі шыққанға дейін сот процесінің материалдарына қатысты пікір білдіре алмайтынын хабарлады. Әбілханоновқа мүлкін тәркілеумен бірге 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Питер Фостер — британдық авиация менеджері, 2005 жылдан бері Air Astana компаниясында жетекші қызметтер атқарып келеді. 2022 жылғы дағдарыс кезінде Фостер Қазақстан азаматтарын Украинадан эвакуациялау процесін жеке өзі үйлестірді. 2026 жылдың наурыз айының соңында ол бас атқарушы директор қызметі мен директорлар кеңесіндегі мүшеліктен кетті. Алайда, компанияда директорлар кеңесінің аға кеңесшісі ретінде қалады. Оның орнына 2017 жылдан бері қаржы директоры қызметін атқарып келе жатқан әрі 2003 жылдан бастап компания құрамында жұмыс істейтін Ибрахим Жанлыел тағайындалады.