“Әкесі тапты”: Петропавлда жоғалған жігіттің денесі табылды

16 маусым 2025 18:28 / Новости Казахстана

Петропавл қаласында полиция мен еріктілер бір тәуліктен астам уақыт бойы жоғалып кеткен 27 жастағы жігітті іздеді, деп хабарлайды Arbat.Media.

11 маусым күні ол Қызылжар ауданына қарасты Петерфельд ауылындағы жұмысынан шығып, содан кейін байланысқа шықпай қалған.

Qazaqstan Media басылымы құқық қорғау органдары дереу іздеу жұмыстарына кіріскенін, оларға LIDER.KZ еріктілер қозғалысының мүшелері көмектескенін жазды. Жігітті әкесі де іздеген. Ақыры дәл сол – әкесі ұлының денесін Есіл өзенінің жағасындағы орманнан тауып алған.

«27 жастағы петропавлдықтың денесі 12 маусымда табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол суицид жасаған. Қазір тергеу алды тексеру жүріп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», – деді Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қайғылы оқиғаның мән-жайымен таныс адамдардың айтуынша, жігіт өзімен қоштасу хатын қалдырған. Ол хатта туыстарынан кешірім сұраған.

Өкінішке қарай, бұл Солтүстік Қазақстан облысында өмірмен өз еркімен қоштасып жатқан алғашқы жағдай емес. Мәселен, қаңтар айының соңында Петропавл қаласындағы саябақта өтіп бара жатқан адамдар ағашқа асылып қалған қыздың денесін көріп қалған. Қасында сөмкесі мен жеке заттары жатқан. Қоштасу хатында марқұм ешкімді кінәламауды сұраған.

Ал сәуірдің тоғызында, кешке қарай Айыртау ауданына қарасты Никольско-Бурлук ауылында 14 жастағы жасөспірімнің денесі табылды. Ол сарайда асылып қалған. Кейінірек анықталғандай, ол – отбасындағы тұңғыш бала болған.

Серіктес жаңалықтары