Актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сот үкімі шықты
Ол 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды. Бұл туралы жәбірленуші Фариза Сабырәлиеваның адвокаты мәлімдеді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Іс Алматы облысы Қарасай аудандық сотында қаралған. Жақсыгенге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша айып тағылған. Аталған бап онлайн-платформаларды пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікті қарастырады.
«Сот Нұрсұлтан Жақсыгенді кінәлі деп танып, оған 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді», – деп жазды адвокат.
Сонымен қатар сот Фариза Сабырәлиеваның азаматтық талабын ішінара қанағаттандырған. Нәтижесінде Жақсыгеннен оның пайдасына 5 миллион теңге өндірілетін болды.