Алматыда өртенген үйде жасөспірім қамалып қалған
Алматыда отқа оранған үй-жайдың ішінде 13 жастағы жасөспірім қамалып, шыға алмаған. Алматы қалалық ТЖД-ның мәліметінше, 28 желтоқсан күні сағат 12:11-де ТЖД күштері мен құралдары Алатау ауданындағы «Шаңырақ-2» шағын ауданы, Жалаңтөс Баһадүр көшесіне жіберілді, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Өрт сөндіру бөлімшелері келген сәтте жеке тұрғын үйдің аумағында 60 шаршы метр аумағында үй-жайдың өртеніп жатқаны анықталды. Өрттің көршілес құрылыстарға таралу қаупі төнді. 19–МӨСБ газ-түтіннен қорғау қызметі өртті сөндіруге шұғыл оқпандар енгізіп, автоцистерналар өрт гидранттарына орнатылды. Осылайша су беру жұмыстары қамтамасыз етілді. Қабылданған шаралармен өрт сағат 12:37-де оқшауланып, 12: 52-де жойылды», - делінеді ТЖД хабарламасында.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін көрші тұратын ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Мұхамадиев Ұлан мен Атзакир Арман есімді азамат (курьер) саманнан жасалған қабырғаны тесіп, отқа оранған уақытша үй-жайдың ішінде қамалып қалған 2010 жылы туған баланы құтқарып алды.
«Егер қырағы көршілер болмаса, қайғылы жағдай болар еді», - деп хабарлады Алматы қаласы ТЖД мен Республикалық жедел құтқару жасағынан.