Алматыда Қаңтар оқиғасына қатысты тағы бір жабық сот отырысы аяқталды

20 қараша 2025 19:41 / Новости Казахстана

Алматыда 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына қатысты тағы бір жабық сот отырысы аяқталды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Сот СИ-18 тергеу изоляторында өтіп, 29 адамға үкім шықты.

Олар қылмыстық топ құрамында әрекет ету, мародерлік және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру баптары бойынша айыпталған.

Elmedia мәліметінше, бұл азаматтар Дикий Арман (Арман Жұмагелдиев) ісімен байланысты. Сот олардың әрқайсын 1 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айырды.

Үкім 19 қарашада шыққан. Айыптау қорытындысы биыл қаңтарда сотталған Жұмагелдиев пен оның сыбайластарына тағылған айыппен бірдей болған.

Дереккөз мәліметінше, бұл — соңғы іс емес. Қазір Қаңтар оқиғасына байланысты тағы бір топ фигурант бойынша жаңа сот процесіне дайындық жүріп жатыр.

Еске салсақ, Дикий Арманға қатысты үкім 2025 жылдың 27 қаңтарында шыққан. Ол 20 жылға сотталды, қалған айыпталушыларға 1 жылдан 15,5 жылға дейін жаза тағайындалған. Қазан айында бұл үкімге апелляциялық шағым қарала бастады. Бұл процесс те жабық түрде өтіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары