Сот «Нұр Отанның» бұрынғы идеологын кінәлі деп таныды – Боқаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды

27 қараша 2026 19:17 / Новости Казахстана

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қоғам белсендісі Санжар Боқаевты 10 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Arbat.Media қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қоғам белсендісіне қатысты қылмыстық іс бес бап бойынша қаралды. Олардың қатарында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру, ұрлықты ұйымдастыру, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату бар.

Сот мәліметінше, Боқаев 2018 жылы “ҚазТрансГаз” АҚ бас директорының кеңесшісі қызметін атқарған кезде халықаралық автожарыс өткізу үшін кәсіподақ арқылы жалпы сомасы 86,9 млн теңгенің екі келісімшартын жасатқызған.

Келісімшарттардың бірі оның жиені Мадияр Қалменов басқаратын компаниямен жасалған. Сот қызмет құнын негізсіз көтеру және орындалмаған жұмыстар үшін ақша аудару арқылы 42,2 млн теңгенің жымқырылғанын анықтады.

Қаражаттың бір бөлігі жиһаз өндірісін жолға қоюға жұмсалған. Ал жиһаз сатудан түскен табыс шамамен 9,7 млн теңгені құраған.

Бұдан бөлек, соттың мәліметінше, Боқаев 2025 жылдың қыркүйегінде Ұлан Нүсіпқожамен бірге Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан құны 1,3 млн теңге болатын 12 гранит тақтаның ұрлануын ұйымдастырған. Кейін оқиға туралы бейнежазбаны әлеуметтік желіде өзі әшкерелеген ұрлық дерегі ретінде жариялаған.

Сондай-ақ 2025 жылдың қазанында Баум тоғайындағы жасы 21 жылдан 150 жылға дейінгі 16 ағашты заңсыз кесу және зақымдау ісі қаралды. Келтірілген шығын 213 мың теңгені құраған. Соттың мәліметінше, кейін Боқаев пен Нүсіпқожа бұл оқиғаны құрылыс компаниясының әрекетімен байланыстырып, бейнематериал таратқан.

Сот қоғам белсендісінің бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты жарияланымдарын да зерттеді. Олардың бірінде екі жаяу жүргіншілер өткелін жөндеуге 1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінгені айтылған. Алайда ресми құжаттарға сәйкес, бұл сома он нысанды күрделі жөндеуге қарастырылған.

Сот үкімімен Санжар Боқаев 10 жылға, ал Мадияр Қалменов 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Айта кетейік, Санжар Боқаев 2026 жылдың наурызынан бері қамауда отыр.

Серіктес жаңалықтары