Алматыда тепловоз автобусқа соғылып, алты жолаушы зардап шекті

27 қараша 2024 11:00 / Новости Казахстана
ФОТО: КТК

Алматының қақ ортасында тепловоз автобусқа соғылды. Қоғамдық көліктегі алты жолаушы зардап шеккен. 80-нен асқан қарияның жағдайы ауыр дейді дәрігерлер. Тапа-тал түсте қаланың ортасында автобусқа жаншылған локомотив жеке компанияға тиесілі екен, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Шойын жол да жекеменшік» деген "Қазақстан темір жолы" бұл оқиғаға «еш қатысымыз жоқ» дейді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Ал куәгерлер мен автобус жолаушылары жүргізуші тепловоздың дабылына мән бермегенін айтады.

Полиция 88-ші бағыттағы автобус жүргізушісінің жол ережесін бұзғанын растап отыр.

Іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Жол апаты Әуезов пен Гоголь көшелерінің қиылысында болған. 88-ші бағыттағы автобус Гоголь көшесінің бойымен келе жатқан тепловозбен соқтығысқан.

Қаланың қақ ортасында отарба қайдан жүр демеңіз, дәл осы жерде теміржол тұйығы бар. Яғни тепловоздар үнемі әрі-бері жүк тасиды. Соққының қатты болғаны сонша, автобустың бір жағы жапырылып қалған. Көз алдында тепловоз қаққан қоғамдық көлік жолаушылары шошынып қалған.

Автобустағы адамдарды шығаруға сол маңдағы дүкен жұмысшылары ұмтылған. Жедел жәрдем шақыртқан да солар екен.

Зардап шеккен алты жолаушы қаладағы ауруханаларға жеткізілген. Ақ халаттылар, әсіресе 80-нен асқан кейуананың жағдайы орташа ауыр деп түсіндірді.

Ләйлә Иманғалиева, Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

— Жапа шеккен 80 жастағы бір науқас оң жақ қабырғалары сынығы, білек сүйегі сынған. Шұғыл көмек көрсету ауруханасына жатқызылды. Жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланады. Бес науқасқа да зертхана зерттеулері жүргізіліп, мамандардың тексеруінен кейін шұғыл ауруханаға жатқызу белгілері анықталған жоқ. Олар тұрғылықты жері бойынша бекітілген емханаға, амбулаторлық бақылауға жіберілді.

Полиция департаментінің мәліметінше, автобус жүргізушісі жол ережесін бұзған көрінеді. Қазір олар оқиғаның мән-жайын анықтап, тергеуді бастап кетті.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:

— Қоғамдық көліктің жүргізушісі жол жүру ережелерінің бірқатар өрескел бұзғаннан жол-көлік оқиғасына әкеп соқтырды. Мән-жайы тергеуде анықталады. Сараптамалар тағайындалды.

Қоғамдық көлік пен тепловоз тізгіндеген жүргізушілер полицияда жауап беріп жатыр.

№88 бағыттағы автобус жеке тасымалдаушыға тиесілі . Сол сияқты тепловоз да «Жолашар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігінде екенін «Қазақстан темір жолы» компаниясы мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары