Амантай қажы 2 жылға сотталуы мүмкін
Президенттікке үміткер болған антиядролық қозғалыстың белсендісі Амантай қажы әйелді баспалдақтан итеріп, ауыр жарақаттағаны үшін 2 жылға сотталуы мүмкін, деп хабарлайды Arbat.Media Tengrinews.kz сайтына сілтеп.
Оқиға 4 шілде күні «Динамо» спорт кешені аумағында болған. Жәбірленушіге ота жасалған. Әйелдің жамбас сүйектері бірнеше жерден сынған.
Алматы қалалық полиция департаменті Амантай қажының жазасына қатысты ресми сауалға жауап берді.
«Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 107-бабы – «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Дене жарақатының ауырлық деңгейін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс шеңберінде кешенді тергеу амалдары жүргізілуде, олардың нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады», деп хабарлады Алматы ПД.
Аталған бапқа сәйкес, қоғам белсендісінің кінәсі дәлелденген жағдайда, заңда 1 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (2025 жылы бұл шамамен 3 932 000 теңге) айыппұл салу, не түзету жұмыстарына тарту, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа міндеттеу, не болмаса екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.