Антарктидада 66 жыл бұрын жоғалып кеткен зерттеушінің сүйегі табылды
Антарктидада 66 жыл бұрын жоғалып кеткен британдық зерттеушінің сүйегі табылды. ДНҚ талдауы оның 1959 жылғы 26 шілдеде 25 жасында қаза тапқан Деннис Тинк Белл екенін растады, деп хабарлады Arbat.Media Мadeniportal.kz сайтына сілтеп.
Бұл туралы Oxu.Az жазды.
Белл Фолкленд аралдарының тәуелді аумақтары қызметінде метеоролог болып жұмыс істеген. Кейін бұл ұйым Британдық антарктикалық қызмет деп аталды. 1950-жылдары ол екі жылға Кинг-Джордж аралындағы Адмиралтейство шығанағына аттанды. Онда шағын британдық база орналасқан, онда бар-жоғы алты зерттеуші еңбек етті.
Қайғылы оқиға болған күні Белл әріптесі Джефф Стоукспен бірге хаски жегілген шанамен мұздық үстімен жүріп келе жатқан. Иттер шаршай бастаған кезде, ол шаңғыссыз алға шығып кеткен. Бір сәтте шамамен 30 метр тереңдікке мұз астына құлап түсті. Стоукс төменге арқан түсірді, бірақ оны тартып шығармақ болғанда белбеу үзіліп, Белл қайтадан жарыққа құлап түсті. Қайта құтқаруға уақыт та, күш те қалмағандықтан, ол мұз құрсауында қалды.
2025 жылдың қаңтарында Генрих Арцтовский атындағы поляк антарктикалық станциясының зерттеушілері Адмиралтейство шығанағы ауданын зерттеді. Мұздық еріген соң ашылған тастардың арасынан олар адам сүйектерін тапты. Британдық антарктикалық қызметтің "Сэр Дэвид Аттенборо" атты ғылыми-зерттеу кемесі табылған сүйектерді Фолкленд аралдарына, кейін Лондонға жеткізді.
ДНҚ талдауын Лондондағы Корольдік колледждің сот генетикасы профессоры Дениз Синдеркомб Корт жүргізді. Қаза тапқан зерттеушінің ағасы мен әпкесінің ДНҚ үлгілерімен салыстыру нәтижесі "миллиард есе артық" ықтималдықпен туыстықты растады. Осылайша сүйектердің дәл Деннис Беллге тиесілі екені түпкілікті анықталды.
66 жыл бұрын қаза тапқан зерттеушінің ағасы мен әпкесі бұл жаңалықты естіп қатты таңғалды. Ал оны құтқаруға тырысқан Джефф Стоукс сүйектердің табылғанын біле алмады – ол бұл оқиғаға дейін небәрі бес апта бұрын қайтыс болған.