Әпкесінің өліміне кінәлі адамнан 50 млн талап еткен
Ер адам әпкесінің өліміне кінәлі адамнан 50 млн. теңге моральдық зиян өтемақысын өндіріп алу туралы талап қойып, Алматы қаласының №2 Алмалы аудандық сотына жүгінген. Жауапқа тартылған азамат бұрынғы зайыбымен жанжалдасу кезінде оған 18 рет пышақ салған. Соның алдарынан көптеген дене жарақатын алған әйел ауруханада қайтыс болды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі мәлім етті, - деп жазады Kazinform агенттігі.
«Қайтыс болған әйелдің ағасы қойған талабында қарындасының өлімі оған және барлық жақындарына ауыр қайғы-қасірет әкелгенін атап көрсетті. Оның әжесі мен әкесі уайым-қайғының салдарынан қайтыс болды. Ол отбасына келтірілген моральдық зиянды 50 млн. теңгеге бағалады. Жауапкердің өкілі қойылған талапты мойындамай, әйелдің өліміне кінәлі адамға қылмысы үшін жаза қолданылғанын — оның 11 жылға бас бостандығынан айырылғанын және қойылған талапта көрсетілген соманың қолында жоқ екенін атап көрсетті», — делінген хабарламада.
Сот қойылған талапты ішінара қанағаттандырды.
Парасаттылық пен әділдік талаптарын басшылыққа ала отырып, талап қоюшының пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 10 млн. теңге өндірілді.Шешім заңды күшіне енген жоқ.