Ақтөбеде 25 жастағы отбасылы жігіт жасөспірім қызды зорлады
Ақтөбеде оқушыны зорлады деп айыпталған ер адам 16 жылға сотталды, деп хабарлайды Arbat.media Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақтөбе соты 16 жастағы оқушы қызға азғындық жасаған ер адамға екі ауыр баппен үкім оқыды. Оқушыға сексуалдық әрекеттер жасаған отбасылы жігіт сот залында жылап жіберді.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 25 жастағы жігітке үкім оқылды. Оқушы қызға жұмыс орнында зорлық көрсеткер ер адам 16 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол жазаны қауіпсіздігі орташа режимдегі түрмеде өтейді.
Іс бойынша сот талқылауы жабық режимде қаралды. Сондықтан сотталушының жұмыс орны айтылмады. Жәбірленуші оқушы сотталушының жұмыс орнына қалай барғаны да жарияланған жоқ. Заңға сай үкімді оқу ашық түрде өтті.
Іс материалдарында оқушы қызға жасалған азғындық қылмыстық кодекстің «Зорлау» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» баптары бойынша жүргені айтылады.
Судья Алтынбек Сабыров сотталушыны ҚК-тің 121 бабы 3-1 бөлігі 1 тармақ, 120 бабы 3-1 бөлігі 1 тармақ бойынша айыпты деп таныды. Оған түпкілікті 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Педагогика саласында, кәмелетке толмағандармен қатысты қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыруды үкім етті.
Сонымен қатар, сотталушыға жәбірленушінің пайдасына 2 млн теңге моральдық залал өндіруді міндеттеді.
Сот тергеу кезінде заттай дәлел ретінде сақталған іш киім, юбка, қара сөмке, крассовка, футболка, қалпақ, капрон секілді жеке заттарды жоюды тапсырды.
Сотталушының туыстары үкімге апелляциялық шағым түсіретінін айтты.