Ақтөбеде адамдардан алдап ақша алған танымал емшінің тағы бір былығы ашылды

6 маусым 2025 15:07 / Новости Казахстана

Ақтөбе сотына емші Сұлушаш Қазбаеваға алдандым деген тағы бір топ адамның ісі түсті. Жәбірленушілердің саны 136-ға жетті, деп хабарлайды Arbat.Media Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ақтөбе қалалық сотында Сұлушаш Қазбаевға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Қазір сотқа “Алаяқтық” бабымен емшіге қатысты екінші іс түскен. Енді сот екі істі біріктіріп қарап жатыр. Алғашында істе жәбірленушілер саны 90 адам болса, қазір 136 жәбірленуші бар. Шығын көлемі - 572,9 млн теңге.

Айыптауда сотталушы емделуге келген адамдарға мешіт салатынын, бауырларына көмек көрсететінін, қызының еміне шұғыл ақша керектігін айтып, депозиттегі ақшаларын шешіп алып, несиеге ақша алғызғаны айтылды. Бүгінге дейінгі сот отырыстарында 50-ге жуық адамнан жауап алынды. Сотталушы кейбір жәбірленушіге 24 млн теңгеге дейін қарыз екені анықталды. Бүгінгі сотқа келген ерлі-зайыптылар емшіге 17 млн теңге несие алып берген екен.

“Бізге 2022 жылдан бастап несие алғызды. Бұл кісі ауылдасым, бала күннен білемін. Мен бес банктен жалпы сомасы 11,7 млн теңге несие алып бердім. Пайызы өсіп жатыр. Бізге сыңарымның балалары емхана ашады, көмектесші дегеніне сендім. Құран оқиды, ауылдасымыз және мұндай өтінішті тек бізге ғана айтты деп ойладық. Алдамайтынына сендік. Бірінші мен бардым, кейін жолдасымды шақыртты. Оған да несие алдыртты. Қолына құран ұстап отырған соң артық нәрсе ойламадық. Жолдасым ІІІ-топ мүгедегі. Оған 6 млн теңгеден аса несие алғызды. Қазір отбасымыздан береке кетті. Ажырасуға дейін бардық. Ол ақшаны біз төлей алмаймыз. Керек-жарағымызды алатын ақша таба алмай отырмыз. Гипноз бар деп ойлаймын. Әйтпесе 11 млн теңгені туғаныңа да алып бермейсің. Себебі алып берген несиенің бірін білсем, екіншісін айтып бере алмай отырмын. Жаңа сотта ол “гипноз болғанын” дәлелдеңдер деп отыр. Бізде ондай дәлел жоқ, көп адам “қалай алып бергенімізді білмейміз, басымыз ауырды” деп айтты”, – деді Гүлсезім есімді жәбірленуші.

Сотқа жауап берген тағы бір жәбірленуші де гипноз туралы айтты. Ол да 2024 жылы сотталушының үйіне емделуге барған.

“Маған Kaspi Pay арқылы үш жылға 5 млн теңге несие алғызды. Менің бес балам бар. Несие алмаймын деп айттым. Қалай болғанын білмеймін, гипноз секілді деп ойлаймын. Несиені басында 100 мың теңгеден төлеп тұрды. Ол тек 600 мың теңгедей ғана ақша төледі. Қазір мен қарызда қалдым. Оның несиесін төлеп отырмын. Қатаң жаза қолдануды сұраймын”, – дейді жәбірленуші деп танылған көпбалалы ана.

Сотталушы жәбірленушілерге гипноз туралы дәлелдерің жоқ деп қарсы пікір білдірді.

“Ақшаны алғаным рас. Гипноз жасағаныма сенімдісің бе, оны дәлелдей аласың ба? Мен Кашпировский әлде Чумакпын ба? “Гипноз” деген сөзді қойыңдар”, – дейді сотталушы Қазбаева.

Жәбірленушілер жауап беру кезінде “Сұлушаш апа”, “емші апа” деп сөйлейді. Сотталушы Сұлушаш Қазбаева жәбірленушілерге несие алғызғанын жоққа шығармайды. Тек қайтарған ақшаларына қатысты қарсы пікірі бар. Кейбіріне ақшаның көп бөлігін қайтардым деп жауап берді.

Сотта жәбірленушілерден жауап алу жалғасады.

Серіктес жаңалықтары