Ақтөбеде әкімдік ғимаратындағы өрт толық сөндірілді
Өртті сөндіруді үлкен аумақта оттың қарқынды таралуы, жанғыш материалдардың болуы, қатты түтін, жоғары температура және ғимараттың конструкциялық ерекшеліктері қиындатқан, деп хабарлайды Arbat.Media.
ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына 5 минут ішінде жеткен. Өртті сөндіруге 140-тан астам қызметкер мен 40-қа жуық техника жұмылдырылды. Өрт 300 шаршы метр аумақты шарпыған.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Ертең әкімшілік қызметкерлері онлайн жұмыс істейді.
Тілсіз жаудың беті қайтқан соң Асхат Шахаров төтенше жағдайлар бойынша жедел штабтың шұғыл отырысын өткізді.
Жиында облыс әкімдігі ғимаратының шатырындағы өртке байланысты жағдай қаралды. Жиынға ТЖД, полиция департаменті және өзге де басқарма басшылары қатысты.
Облыс әкімі әкімдік аумағындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, салдары толық жойылғанға дейін өрт сөндіру және жедел қызметтердің тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыруды, сондай-ақ өрттің шығу себебін анықтау үшін мамандарды тарта отырып жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды.