Ақтөбеде қаржы пирамидасын ұйымдастырған бір топ адамға үкім шықты
Ақтөбе қаласында «Harmony Rider Technology» (HRT) қаржы пирамидасын ұйымдастырып, заңсыз пайда тапқан сотталды, деп хабарлайды Arbat.Media.
ҚМА мәліметінше, 2024 жылы бір топ тұлға шетелден электросамокаттарды сатып алып, жалға берумен айналысатын халықаралық компания ретінде қаржы пирамидасының жұмысын ұйымдастырған.
Күдіктілер азаматтарды тарту үшін жарнамадан бөлек офлайн кездесулер ұйымдастырған. Олар істерінің «заңды» екенін дәлелдеу үшін Ақтөбе қаласында кеңсе жалға алып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген.
«Салым сомасы 350-ден 20 000 АҚШ долларына дейін болған, ал уәде етілген табыс тәулігіне 12-ден 690 АҚШ долларына дейін жеткен», деп хабарлады ҚМА.
Заңсыз әрекеттер нәтижесінде қаржы пирамидасына 115 салымшыдан жалпы сомасы 197 млн теңгеден астам қаражат түскен.
Сот үкімімен ұйымдастырушылар 6 жылға бас бостандығынан айырылды.