Ақтөбеде жол апатынан зардап шеккендер Астанаға санавиациямен жеткізіледі
Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысында болған жантүршігерлік жол апатының себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, апаттан аман қалған 6 адам Хромтау ауданының орталық ауруханасына жеткізілген. Отырыс барысында Қанат Бозымбаев Денсаулық сақтау министрлігіне көмекке мұқтаж пациенттерді санитарлық авиацияның көмегімен Астанаға тасымалдауды тапсырды. Сонымен қатарМ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп қаза тапқандардың отбасына барлық қажетті материалдық және психологиялық қолдау көрсету тапсырылды.
Апаттың мән-жайын тергеумен ІІМ арнайы комиссиясы айналысады. Қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, вице-премьер ІІМ мен көлік министрлігіне «Самара — Шымкент» трассасының учаскесінде қозғалыс қауіпсіздігін арттыру бойынша ұсыныс дайындауды тапсырды.
Айта кетейік, кеше, 23 қазан күні Самара — Шымкент тас жолында DAF жүк көлігі мен «Газель»автокөлігі соғылды. Жантүршігерлік жол апатынан 12 адам көз жұмды.