Ақтөбеде жүк көлігінің астына кіріп кеткен мәшинедегі адам мерт болды
Самара — Шымкент тасжолының Ақтөбе қаласы аумағында жеңіл және жүк көлігі соқтығысты. Салдарынан бір адам көз жұмды. Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүк көлігі мен Toyota Ipsum соқтығысқан кезде бір адам көз жұмды. Тағы біреуінің жағдайы беймәлім, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
— Жеңіл көлік ішінде барлығы 5 адам болған. Оның үшеуі жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді, — деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Жол-көлік оқиғасына қатысты өзге ақпарат таратылмады. Әлеуметтік желі арқылы тараған видеоға қарағанда жеңіл көлік жүк көлігінің астында қалған.
Еске салсақ, 7 тамыз күні Самара-Шымкент тасжолында жеңіл және жүк көлігі соқтығысып, 8 адам көз жұмды. Оның бесеуі бала.
Бәрі де Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында ұйымдастырылатын футбол турниріне жолға шыққан.
Осы оқиғадан кейін жұмыс тобы құрылып, оған облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан басшылық етті.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров туған-туыстарына көңіл айтып, көмек берілетінін жеткізді.