Ақылды велосипед, сиқырлы таяқша: Оқушылар жаңа құрылғы ойлап тапты
Ақылды велосипед, сиқырлы таяқша: абайлық оқушылар жаңа құрылғылар ойлап тапты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Абай облысы Аягөз ауданының оқушылары ақылды велосипед құрастырды.
Олар бірнеше өнертабыстарын ұсынған. Мәселен, Ecobike деп аталатын инновациялық көлік электр қуатын өндіреді. Ал "Экобайк" деп аталатын велосипедті бір айда құрастырды. Ізденімпаз оқушылар мен қолдаушы ұстаздардың идеясы іске асты. Көлікті құрастыруға қосалқы бөлшектер қолданып, аккумулятор орнатқан.
«Бұл "Қалдықсыз мектеп" жобасы аясында жасалған құрылғы. Қосалқы бөлшектерден. Барлығы қолдан жасалды. Арнайы генераторға диод қойылып, сол арқылы заряд беріледі. Оқушылар 15 минут үзіліс кезінде ұялы телефондарын қуаттауға болады», - дейді еңбек пәнінің мұғалімі Берік Ысқақов.
Құрылғының бір ерекшелігі - мектептегі тазалықты да қадағалайды.
«Бізге қай жерде қай жәшік толып кеткенін айтып отыра алады. Мысалға біз қаланың немесе мектептің картасын құра аламыз. Одан кейін бірінші жәшік толып кетті ме, екінші қабаттағы жәшік толып кетті ме, соны көрсетіп айтады бізге», - дейді оқушы Жанерке Закирова.
Сонымен қатар, өнертапқыш оқушылар зағип жандарға арналған электронды таяқ жасады. Мүмкіндігі шектеулі адамның алдынан кедергі шықса, құрылғы бірден белгі береді.
«Зағип жандардың жарақат алуының алдын алады. Яғни, кедергілерді көріп, сигнал береді. Сол Қазақстанда өте аз. Сирек кездеседі. Көзі нашар көретін жандар бұл таяққа қызығушылық танытып отыр. Енді жобаның авторы құлағы нашар еститін жандар үшін вибрациялық белгі беретін құрылғы жасауды жоспарлап отыр», - дейді оқушы Ералы Ыбыраев.