«АрселорМиттал Теміртауды» мемлекетке қайтару шарты

2 қараша 2023 9:27 / Новости Казахстана

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясын мемлекетке өткізу шарттары қараша айының соңында жарияланады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.

«Былтырдың желтоқсан айынан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын иелерімен күрделі келіссөздерді бастадық. Біріншіден, біз ішкі инвестициялық ахуалды нашарлатпай, сақтауымыз керек. Елімізде мыңдаған шетелдік инвестор бар. Сонымен қатар қосымша ауқымды инвестицияларды тарту мақсатымыз бар», - деді Ә.Смайылов.

«Екіншіден, «АрселорМиттал Теміртау» ірі компания екенін ұмытпау керек. Ол жерде 30 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр. Сондықтан бұл ірі компанияның тұрақты жұмысы қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл тұрғыда жоғарыда аталған келіссөздер біраз уақыт алды. 22 қазан күні алдын ала тиісті шартқа қол қойдық. Осы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстан Республикасының меншігіне өткізу шарттарын келістік. Әзірге бұл шартты жария ете алмаймыз. Себебі заңды рәсімдерді толықтай аяқтауымыз керек. Алдын ала жасалған келісім бойынша біз 30 қарашаға дейін, яғни бір айдың ішінде барлық рәсімдерді аяқтауымыз қажет. Содан кейін барша ақпаратты жариялаймыз», - деді премьер-министр.

Серіктес жаңалықтары