Арыста бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сот үкімі шықты
Арыс ауданында агроөнеркәсіп саласында аса ірі мөлшерде бюджет қаражаты жымқырылған, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бас прокуратура мәліметінше, «Ы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы 2021 жылдың сәуір айында ақпараттық жүйеге 2470 бас аналық ірі қара малды жалға алғаны туралы жалған мәлімет енгізген. Сондай-ақ селекциялық жұмыстар жүргізу үшін 120 бас асыл тұқымды бұқаны жалға алғанын мәлімдеген.
Нәтижесінде оның кооперативтің банктік есепшотына 24 700 000 теңге көлемінде субсидия қаражаты аударылған.
«Алайда іс жүзінде селекциялық жұмыстар тек 18 бас асыл тұқымды бұқа және 450 бас аналық ірі қара малға ғана жүргізіліп, заңсыз алынған субсидия сомасы 20 200 000 теңгені құраған», деп хабарлады бас прокуратура.
Прокуратура аса ірі мөлшерде алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Төрайым кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.