Әскерге көшеден ұстап әкетуге тыйым салынды ма?

2 тамыз 2025 17:41 / Новости Казахстана

Қазақстанда әскерге шақырудың жаңа тәртібі күшіне енді. Бұдан былай шақырту қағаз түрінде емес, 1414 нөмірінен SMS-хабарлама арқылы жіберіледі. Қабылданған жаңа заң жобасы аясында жастарды көшеден немесе басқа қоғамдық орындардан мәжбүрлеп әкетуге де тыйым салынған. Ал азамат шақыртуды елемей әскерден жалтарса, жауапкершілік көзделеді, деп хабарлайды Arbat.Media "Алматы" арнасына сілтеп.

Көктемгі және күзгі шақырылым мерзімінде қандай өзгеріс бар? Осы және өзге сұрақтарға "Алматы" телеарнасының студия қонағы Қазақстан Қарулы күштері Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстар жөніндегі департаментінің аға-офицері Дәуренбек Шегебаев жауап береді.

— Дәуренбек Сұлтанбекұлы, жаңа ережені түсіндіріп берсеңіз?

— Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңның 31-бабына сәйкес Қазақстан президентінің Жарлығы және Қазақстан үкіметінің қаулысы негізінде әскерге шақыру екі кезеңде жүргізіледі. Көктемгі шақыру наурыз бен маусым аралығын қамтиды. Ал күзде қыркүйек пен желтоқсан аралығында жүргізіледі.

Мемлекет басшысы биыл 16 шілдеде қол қойған заңға сәйкес, бірнеше өзгеріс бар:

 

  • Біріншіден, азаматтар 1414 номерінен электронды форматта хабарландыру алады. Телефонына sms хабарлама ретінде келеді. Электронды хабарлама мүмкін болмағанда қағаз түрінде шақырту қолхатпен жұмыс орны мекеме басшысына немесе туыстарына табысталуы мүмкін. Осылайша көп арналы жүйе арқылы азаматтың дер кезінде әскерге шақырылуын қамтамасыз ете аламыз.
  • Сонымен қатар жаңа заңнамада белгіленгендей 2 айдың ішінде тиісті құқықтық актілерге өзгерістер енгізілетін болады. Ол жерде мерзімді қызмет атқарған азаматтар оқу бойынша еңбек өтеу керек болса, босатылады. Сонымен қатар бұрын әскери қызметтен келісімшарт бойынша шек жасына дейін 3 жас қалған кезінде 12,5 жыл еңбек өтілі бар болса қайта кіруге мүмкіндіктер пайда болады.

 

— Дәуренбек мырза, әскерге шақырылатындарға қандай талаптар қойылады? Хабарлама алған соң қанша уақытта әскери мекемеге баруға міндетті?

— Хабарлама алған азамат белгіленген күні мен уақытында жергілікті әскери басқару органына келуге міндетті. Онда ол алдымен медициналық тексеруден өтеді. Егер денсаулығы жарамды болса, шақыру комиссиясы шешімімен әскерге шақырылатын болады. Шақыру комиссиясы, жергілікті атқару органдары, атап айтқанда әкімдіктер шешімімен құрылады.

Мерзімді әскери қызметке заңнамаға сәйкес, тиісті физикалық және моральдық, психологиялық қасиеттері бар және сотталмаған азаматтар шақырылады. Әрине бұл мәліметтерді әскери комиссариат жүйелі түрде жинақтайды, ал созылмалы аурулар туралы деректер денсаулық сақтау жүйесінен тікелей алынады. Әскери қызметті кейінге қалдыру заңның 35-бабында қарастырылған. Ал әскери қызметтен босату заңның 36-бабында көзделген.

— Шақырту алған азамат комиссариатқа келмесе немесе әскерден жалтарса, жауапкершілік жүгі қандай?

— Өте маңызды сұрақ. Әскерден жалтарғаны үшін жауапкершілікке тарту қарастырылған. Шақырту алған азамат белгіленген мерзімде жергілікті әскери органына келмеген жағдайда Әкімшілік кодекстің 647-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады. Ал әскерден жалтарса, Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Әскери қызметтен жалтару үшін 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, биылғы жылы Отан алдындағы борышын өтеуге 42 мыңнан астам адам шақыртылады. Көктемгі шақырту жоспарлы түрде өткізіліп, қазір жалғасуда. 1 қыркүйектен бастап желтоқсанның соңына дейін күзгі шақырту кезеңі басталады.

Серіктес жаңалықтары