Астанада Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабаевтың жинақтары таныстырылды

29 қараша 2024 2:12 / Новости Казахстана
Фото: Түркі академиясы

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабаевтың көптомдық академиялық шығармалар жинақтарының тұсаукесері өтті. Бұл жинақтар Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дайындауымен және Түркі академиясының қолдауымен жарық көріп отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен дипломатиялық миссиялардың басшылары мен өкілдері және депутаттар қатысты. Өз сөзінде Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабаевтің түркі әлемі үшін тарихи әрі мәдени маңызына тоқталды.

«Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізін қалаушы және әліпби реформаторы ретінде түркі ғылымының дамуына баға жетпес үлес қосты. Оның ортақ түркі терминологиясы мен әдеби тілді қалыптастыру туралы идеялары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ал Мағжан Жұмабайұлы өзінің шығармашылығымен ұлттық сананы оятып, түркі әлемінің бірлігін дәріптеген ұлы тұлға болды. Оның «Алыстағы бауырыма» сынды өлеңдері бауырлас халықтар ынтымағының жарқын үлгісі саналады», - деді академия басшысы.

Сонымен бірге, Шаһин Мұстафаев Алаш қайраткерлері көрегендікпен сенген Түркістан идеясының тәуелсіз түркі мемлекеттерінің интеграциясы дәуірінде де өз маңызын сақтап отырғанын атап өтті.

Ол биыл қыркүйек айында қабылданған Ортақ түркі әліпбиін Ахмет Байтұрсынұлы мен түркі әлемінің басқа да ұлы ағартушыларының асыл мұраттарының орындалуы ретінде бағалап, Түркі Академиясының мұндай маңызды бастамаға үлес қосқанын үлкен мәртебе санайтынын жеткізді.

с-шара барысында Түркі академиясының түркі әлемінің ұлы тұлғаларының мұрасын зерттеуге және насихаттауға бағытталған іргелі жобалары да таныстырылды.

Академияның «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы түркі ағартушылығы: зиялылардың өмірі мен идеялары» жобасы аясында ұлттың өркендеуіне қызмет еткен ойшылдардың өмірбаяндары мен идеялары жинақталуда. Келер жылы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай оның таңдаулы еңбектерін түрік оқырмандарына ұсыну жоспарланып отыр.

Сонымен бірге, Түркі академиясының президенті жас ұрпақты ортақ құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары» жобасының маңыздылығын ерекше атап өтті.

 

Серіктес жаңалықтары