Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, фельдшер өте ауыр жарақат алды

9 қараша 2025 17:55 / Новости Казахстана

Астанада тоғыз қабатты үйдің қасбетінің опырылуына қатысты тың мәліметтер белгілі болды – жедел жәрдем фельдшері оқиға орнында өте ауыр жарақат алған, деп хабарлайды Arbat.Media.

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлауының салдарынан зардап шеккен 5 адам 8 қарашада №1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді.

"9 қарашадағы жағдай бойынша екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Үш науқас бейінді бөлімшелерде ем қабылдап жатыр. Зардап шеккендердің екеуі еңбек міндеттерін орындау барысында жарақат алған фельдшерлер екенін хабарлаймыз.

Жансақтау бөлімінде жатқан фельдшердің жағдайы өте ауыр. Екінші фельдшердің жағдайы – орташа, ол нейрохирургия бөлімшесінде ем алып жатыр. Барлық пациент дәрігерлердің бақылауында, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр", - делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік әлеуметтік желіде тараған "фельдшерлердің алған жарақаты өндірістік жарақат ретінде танылмады" деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын ескертті.

Серіктес жаңалықтары