Жаңа жыл қарсаңында брендтелген жаңа жылдық №7507/7508 электр пойызының алғашқы рейсі Астанадан Бурабай курортына аттанды. Бұл ҚР Туризм және спорт министрлігі «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның бірлескен жобасы, - деп хабарлайды Arbat.media.
ҚР Туризм министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ерекше пойыз сыртынан да, ішінен де безендіріліп, жолаушылар үшін мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Жаңа жылдың басты кейіпкерлері - Аяз Ата мен Ақшақар жолаушыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыстайды. Олардың рөлінде - вагондардың жолсеріктері.
Мерекелік безендірілген құрам жаңа жылдық демалыс маусымы аяқталғанға дейін жүреді.
«Екінші жыл қатарынан біз жаңа жыл қарсаңында ҚТЖ-мен бірлесіп, брендтелген туристік пойыздарды іске қосып отырмыз. Мұндай пойыздар мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, туристерді де тартады», - деді ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Былтыр жаңа жылдық электр пойызымен 16 мыңнан астам жолаушы тасымалданды.
Мерекелік құрам 28 желтоқсаннан бастап аптасына бес рет жүреді. Елордадан Бурабай курортына пойыз Нұрлы жол вокзалынан сағат 06:12-де жөнелтіледі. Сонымен қатар, елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін пойызға Астана-1 вокзалынан да отырғызу қарастырылған. Бұл жерге экспресс таңғы сағат 06:37-де келіп, 07:00-де жүреді.
Туристік пойызды іске қосу аясында ҚР ПІБ «Бурабай даму» ЖШС ерекше рейстің кестесіне сәйкес қысқа тур қалыптастырды. Жаңа жылдық мерекені жалғастыру мақсатында, Бурабайдағы Санта резиденциясына барып, Бурабайландта таңғажайып күн өткізу ұсынылады. Мұнда бұғы немесе ит жегілген арбамен, квадроциклмен, қарда жүретін көліктермен серуендеуге, атқа мінуге болады.