Атасынан қалған қаруды тіркетпеген атыраулыққа айыппұл салынды
Атырау облысының тұрғыны атасынан қалған қос ұңғылы аңшы қаруын заңсыз сақтаған. Сол үшін оған 73 мың 840 теңге айыппұл салынды. Қызылқоға аудандық сотының мәліметінше, құқық бұзушы С. шаруа қожалығында 16 калибрлі, «Б» маркалы, қос ұңғылы аңшы қаруын заңсыз сақтап келген. Бұл қару ішкі істер органдарында тіркелмеген, - деп хабарлайды Arbat.media.
«️Атырау облысының Қызылқоға аудандық сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабының 1-бөлігімен бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Криминалист маманның қорытындысына сәйкес аңшы қаруының атуға жарамды екені анықталған. Сот отырысында С. әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын, кінәлі екенін мойындады. Өзіне қатысты толтырылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келісетінін, аталған қарудың атасынан қалғанын, ішкі істер органында тіркелмегенін айтып, айғақ келтірді», - деп мәлім етті аудандық соттан, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Сот қаулысымен С. аталған бап бойынша кінәлі деп танылды. Оған әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 73 мың 840 теңге айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.