Оралда мас күйде дәрігермен жанжалдасқан әйел сотқа тартылды
Орал қаласында облыстық аурухананың кезекші дәрігерімен жанжалдасқан әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқиға кезінде оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының мәліметінше, әйел облыстық ауруханада кезекші дәрігермен жанжалдасып, балағат сөздер айтқан және қоғамдық тәртіпті бұзған. Сондай-ақ ол дәрігерден өзімен орыс тілінде сөйлесуді талап еткен.
Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша әйелдің жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.
«Сот ұсынылған іс материалдарын зерттеп, құқық бұзушының әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берді. Әкімшілік жаза тағайындау кезінде әйелдің асырауында үш баласы бар екені, олардың біреуі кәмелетке толмағаны ескерілді. Осыған байланысты оған әкімшілік қамау қолданылмайды», – делінген сот хабарламасында.