Атырауда келіні қарт енесін өлтірді
Қызылқоға ауданында 82 жастағы әйел өз үйінде қаза тапты. Зейнеткер ұзақ уақыт бойы ауыр науқастанып, төсекке таңылған және тұрақты күтімді қажет еткен, деп хабарлайды Arbat.Media.
Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға болған күні үйде тек марқұм мен оның 38 жастағы келіні ғана болған. Әйел асүй пышағымен қарт туысына шабуыл жасап, басы мен денесіне кемінде төрт рет пышақ сұққан. Жәбірленуші аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында жүргізілген сот-медициналық және психологиялық-психиатриялық сараптамалар оның созылмалы психикалық дерт — параноидты шизофрениямен ауыратынын көрсеткен.