Аудандық білім бөлімінің басшысы және 7 бухгалтер сотталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың нәтижесінде Алматы облысында жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесті, деп хабарлайды Arbat.media.
Мәселен, Алматы облысында Іле аудандық соты аудандық білім бөлімінің басшысы Л.Каткееваға және осы бөлімнің 7 бухгалтеріне қатысты үкім шығарды.
Олар білім беру саласында нақты еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға жалақы аудару арқылы 686 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сонымен қатар, ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, өзінің жүргізушісін ведомстволық бағынысты мектеп-гимназияға жалпы сомасы 4,9 млн теңге жалақы заңсыз төленген кәсіптік бағдар беруші лауазымына жалған жұмысқа орналастырған.
Каткеева мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бухгалтерлерге мемлекеттік қызметте 10 жыл қызмет атқаруға тыйым салынып, 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.