Аударыспақтан 3 қазақстандық спортшы алтын медаль алды

9 қыркүйек 2024 20:33 / Новости Казахстана
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ақтық сынға жолдама алған үш қазақстандық спортшы да өз салмақтарында алтын жүлде жеңіп алды. Олар – Ермек Құралбай, Алмат Ләтіпбек және Дарын Өткелбай, - деп хабарлайды Arbat.media.

Аударыспақ ойындарына 9 елден 64 ойыншы қатысты, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Оның қатарында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қытай, АҚШ, Түркия және Мажарстан бар.

60 келі салмақта сынға түскен Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы Ермек Құралбай алтын медальға ие болды. Ол финалда Қырғызстан спортшысын жеңді.

«Жақсы дайындықпен келдім. Финалдағы қарсыласым – былтыр ат үстіндегі күрестен 60 келіде чемпион болған қырғыз палуаны. Ел намысын қорғап, бірінші орын аламыз деп үміттенген едім. Сенімді ақтағаныма қуаныштымын», – деді Ермек Құралбай.

Аударыспақтан 70 келі салмақта сынға түскен Алмат Ләтіпбек те алтын медаль жеңіп алды.

Сондай-ақ, аударыспақтан 80 келі салмақта сынға түскен Дарын Өткелбай алтын медальға ие болды.

10 қыркүйекте Есімхан Рахматіллә, Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев сынға түседі.

 

 

Серіктес жаңалықтары