Автобус құлаған шұңқырдан 5 мың текше метр топырақ сыртқа шығарылды
Павлодар облысы Баянауыл ауданы «Майқайыңалтын» АҚ кен орнында ойыққа құлап, сол күйі із-түзсіз кеткендерді іздеу жұмысы үшінші күн жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform жариялады.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, бұл жұмысқа барлығы 134 адам, 37 техника, 3 кинология тобы және 2 дрон жұмылдырылған.
«Біз „Майқайың-алтын“ АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Кеше жедел штаб мамандандырылған техниканы опырылған жерге түсіру үшін шамамен 120-130 метр тереңдікке траншея қазу туралы шешім қабылдады», — дейді әкім.
Оның айтуынша, кеше опырылған жердің түбіне техника түсіру үшін өткел дайындау басталды.
Бұл жұмысқа 3 экскаватор, 2 тиегіш, 2 бульдозер жұмылдырылды.
Жұмыс тәулік бойы үздіксіз жүріп жатыр.
«5 мың текше метрге жуық топырақ пен тау жыныстары қазылып, шығарылды», — деп хабарлады Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» кен орнында үлкен ойық маңында топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын.
Кейін оқиға орнынан екі адамның денесі табылды.
Кешкісін табылғандардың кім екені белгілі болды.
Оқиға орнында иісшіл иттер жұмыс істеп жатыр. Опырылған жерде әлі де топырақ сырғып түсіп жатыр, опырылу шекарасы тұрақты емес.
Баянауылда кен орнында көз жұмған және із-түзсіз кеткендердің отбасына 4,5 млн теңгеден беріледі.
Ал қаза тапқандарды жерлеу рәсіміне 2 млн теңгеден бөлінді.
Майқайыңдағы алтын кеніші туралы не білеміз?
Алтын кенішіндегі қайғылы жағдайға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.