Автобустан монша жасап алды
Арқалық қаласының тұрғыны кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасына қатысып, 1 млн 380 мың теңгенің грантын ұтып алған, - деп хабарлайды Arbat.media.
Нәтижесінде, баяғы шопандардың ауылын аралап жүретін автомонша жасап алып, елден саяқ қонған малсақ ағайынның қажетін өтеп жүр.
Ол мемлекеттен алған қаржыға күтімі жақсы көне автобус сатып алып, оны төрт адамдық моншаға айналдырған. Жылжымалы монша барынша қауіпсіз әрі жуынуға да ыңғайлы.
«Қайтарымсыз қаржыға автобус, 220 вольттық электр қуатын беретін қозғалтқыш, пеш тәрізді қажетті дүниелерді сатып алдым. Автобустың ішін жылу ұстағыш материалмен қаптадым. Енді моншам қақаған аязды күндері де қайнап тұратын болды. Қызметім қымбат емес, қалтаға күш түсірмейді, тұтынушыларым да дән риза. Кейде балықшылар, табиғат аясында демалып жатқандар, қашықта тұратын шаруалар, пішеншілер мен малшылар, кейде шалғайдағы шағын ауылдар шақырады. Шақырған жерде су болса болды, арнайы сорғышпен су сорып, моншаның бөшкесін толтырып аламын», дейді кәсіпкер.
Автомоншаның шай ішіп демалуға арналған жеке бөлмесі, буханасы, душы, тоңазытқышы бар.
Тіпті қайың сыпырғыш, буханаға киетін баскиім, қолғап, тәпішке секілді моншаға түсуге қажет дүниелер де табылады.