Балқаш көлін жан-зерттеуге 5 млн доллар бөленетін болды

26 қараша 2024 20:52 / Новости Казахстана
ФОТО: Depositphotos

"Қазақмыс" корпорациясы Балқаш көлінің экологиялық ахуалын зерттеуге 5 млн АҚШ долларын бөлетін болды. Бұл туралы аталған компанияның Экологиялық саясатты дамыту мәселесі бойынша менеджері Елдар Есболов айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.

«COP29 аясында "Қазақмыс" корпорациясы жеке шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, сарапшылар шақырылып, Балқаш көлі мәселесі талқыланды. Қазақмыс тау-кен және металлургия компаниясы екенін білесіздер. Осы орайда Қазақмыстың Балқаш көліне қандай қатысы бар деген сұрақ туындайтыны анық. Біздің біраз жұмысшыларымыз Балқаш қаласында тұрады. Бізге тікелей жұмыс істейтін адамдар, олардың отбасы мүшелері және бізбен бірге жұмыс істейтін мердігер компанияларды қоса алғанда, бұл қала тұрғындарының 50 пайызының Қазақмысқа қатысы бар. Осы себепті біздің компания үшін болашақта климаттың өзгеруіне байланысты Балқаш көлі қандай күйде болатыны өзекті мәселе саналады. Сол себепті біз халықаралық сарапшыларды шақырып, бұл көл үшін не істей алатынымызды талқыладық. Қорытындылай келе, Қазақмыс корпорациясы Балқаш көлінің экологиялық ахуалын зерттеу үшін алдағы 5-10 жыл ішінде 5 млн АҚШ долларын бөлетін болды. Бірінші, Балқаш көліне қандай зерттеу жасау керектігін білуіміз керек болады. Одан бөлек, қандай мониторинг жүйелерін орнату қажет екенін анықтау керек. Яғни, бұл кешенді түрде айналысуды қажет ететін бастама», - деді ол СOP29 саммитінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында.

Серіктес жаңалықтары