Бишімбаев соты: С.Нүкенованың ағасы марқұмның беті көгерген суретін көрсетті
Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бүгінгі соты отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді куәгер ретінде жауап беріп жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Айтбек Амангелді сот кезінде Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың арасындағы алғашқы ұрыс-керістер қалай басталғаны туралы мәліметтер айта келіп, марқұмның бет-әлпеті көгерген сурет көрсетті. Жәбірленуші тарап бұл сурет Бишімбаевтың Нүкенованы сабағанына дәлел болады деп есептейтінін де жеткізді.
«Менің жеке пікірім бойынша, бұл сурет беттен көп рет жұдырықпен ұрғанына куә бола алады. Әрине, мен Салтанат үшін қорқып кеттім, жағдайына алаңдадым. Ол маған суреттерін жіберіп, бір нәрселер жазды. Бірінші әрекетім оған қоңырау шалу болды. Мен қоңырау шалған кезде түнгі сағат бір кезі болатын. Ол тұтқаны көтермеді. Алаңдай бастадым да, Қуандыққа телефон соқтым. Қуандық жауап берді. Қуандықтан не болып жатқанын, неге ондай сурет алып жатқанымды сұрадым. Менің тарапымнан бейәдеп сөздер де айтылды. Ол үйге кел, сөйлесейік деп жауап берді. Үйдің алдында кездесіп, бәрін талқылайық деді. Келгенде Қуандық болмай шықты. Үйге кіріп, бесінші қабатқа көтеріліп, есік қақтым. Есікті басқа некеден туған қызы Рания ашты. Рания мені жақсы танитын, Салтанат қайда екенін сұрап едім, көрмегенін айтты. Үйге кіріп бүкіл бөлмені аралап шықтым. Ол кезде пәтерде Раниядан басқа ешкім болған жоқ», - деп еске алды Айтбек Амангелді.
Айтбек Амангелді осыдан кейін Қуандық Бишімбаевпен төбелесіп қалғанын айтты. Осы жағдайдан кейін С. Нүкенованы алып кетпек болғанымен, марқұм кетуден бас тартқанын атап өтті.
Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Мұнан соң Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Қ. Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді, 26 ақпанда Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті.
1 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленді. 11 наурыз күні Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Алдын ала тыңдау 12 наурызда жалғасты.
27 наурызда елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ. Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті.