Бишімбаевпен бас қосқан бір жылда таяқ жеген Салтанат сегіз рет үйден кеткен

30 наурыз 2024 7:00 / Новости Казахстана

Қуандық Бишімбаевпен бас қосқан бір жылда жұбайы Салтанат Нүкенова сегіз рет үйден кетіпті. Астанада жалғасып жатқан сот процесінде марқұмның ағасы осындай деректерді көпке жария етті. Сот отырысына Нүкенованың ата-анасы да арнайы Павлодардан келіпті. Қыздарына жасаған қысастығын естігенде көз жасына ерік беріп, залдан шығып кетіп отырды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.

Ал сотқа жауап беруге келген куәгерлердің бірі Бишімбаевтың сол күні суицид жасамақ болғанын айтты.

«Қолында қанға малынған пышағымен әрі-бері тізерлеп жылап жүргенін көрдім» - дейді ол.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысы Астанада жалғасуда.

Ең бірінші сөз алған жәбірленуші тарап — Айтбек Амангелді қарындасы Салтанат Нүкенованың Бишімбаевпен бас қоса сала, ыстық-суығы басылмаған тұстың өзінде-ақ көкала қойдай таяқ жеп жүргенін айтты.

Судьяға уатсап желісі арқылы марқұмның өзі жіберген фотоларды көрсетті.

Бет-аузы көгеріп, адам танымастай өзгеріп кеткен Салтанаттың фотосын көре сала, Айтбек Амангелді қарындасына Бишімбаевпен дереу ара-қатынасты бұзу керектігін айтқан.

Ұшқан ұясына қайта оралуды жалынып-жалбарынып сұрапты. Ағасының сөзінше, айналдырған бір жылдың ішінде Нүкенова түйіншектерін буып-түйіп сегіз рет кетуге оқталған.

Айтбек Амангелді, С.Нүкенованың ағасы:

— Қуандық Бишімбаев менің қарындасыма тіпті ұйықтауға да мұрша бермейтін. Түнімен қарым-қатынастарын талқылап, мазасын әбден алған. 2023 жылдың өзін алсақ, қарындасым сепгіз рет пе, бәлкім одан да көп болуы мүмкін, Бишімбаевтан кеткен.

Сот отырысына Салтанаттың ата-анасы да Павлодардан арнайы келген. Қанды қылмыс болған күнді тәпсірлеген тұста, көз жасына ерік берді.

Марқұмның ағасы болған жайтты басынан аяғына дейін баяндаған соң, Бишімбаевтың адвокаттары нақтылау сұрақтарына көшкен еді. Оның өзі шу болып кетті.

— Сізге бізден не нәрсе керек? Ондай сұрақ қоюдың қажеті қанша?

Жанна Оразбақова, жәбірленушінің қорғаушысы:

— Біздің ойымызша, бұл қылмыстық іске мүлдем қатысы жоқ сұрақтар.

Процесс кезінде алқа билерді түсіруге болмайтыны бұған дейін қатаң ескертілген-ді.

Дегенмен судьяға әділ шешім шығаруға жәрдемші болады деген билердің арасында мызғып кетіп жатқандары да болды.

Лейла Рамазанова, Қуандық Бишімбаевтың қорғаушысы:

— Алқабилерді түсіруге болмайды. Ұйықтап қалғандарын міндетті түрде сотқа жеткіземіз.

Әзірге жәбірленушінің түсініктемесінен бөлек, сол күнгі қылмысқа куә «БАУ» мейрамханасының қызметкерлерінен кезек-кезек жауап алынуда.

Қылмыстық істің негізгі фигуранты экс-министр Қуандық Бишімбаевтың өзі сот алдында дүйсенбі күні жауап береді.

 

Серіктес жаңалықтары