БҚО: ЖРВИ-ге шалдыққандар саны 86 мыңнан асты

29 желтоқсан 2023 9:23 / Новости Казахстана

Батыс Қазақстан облысында ЖРВИ-ге шалдыққандар саны 86 мыңнан асты, - деп хабарлайды Arbat.media.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, 1 қазаннан бері 86 461 адамнан жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) анықталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 44,5 пайыз көп.

Оның сөзіне қарағанда, соның ішінде 65,5 пайызы балалар арасында тіркелген. Атап айтқанда, 1 жасқа дейінгі 1 452, 14 жасқа дейінгі 56 654 бала сырқаттанды. Сол секілді 500 жүкті әйел ЖРВИ-ге шалдыққан.

Облыстың 192 мектебінде 4 601 оқушы ауырды.

«Биылғы маусымда тұмаудың А түрі (H3N2) және тұмау емес вирустардың таралғаны анықталды. Тұмаудың А түрімен 61 адам ауырса, соның 17-сі – 14 жасқа дейінгілер, 16-сы – жүкті әйелдер. 41 адам ауруханаға жатқызылса, қалғаны амбулаториялық ем алды. Оған қоса тұмау тәрізді емес вирустардан аденовирус, риновирус, парагрипп анықталды», - деді М.Арыспаев.

 

Серіктес жаңалықтары