ChatGPT-дің қазақ тіліндегі үлгісі

1 наурыз 2024 13:23 / Новости Казахстана

Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің «Жасанды интеллект» ғылыми зерттеу институтының ғалым­дары ChatGPT чат-ботының қазақ тіліндегі үлгісін жасады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ғалымдар мемлекеттік тілдегі жасанды интеллект жүйесін бес ай ішінде әзір­леді. ChatGPT чат-ботының отандық аналогі үлкен көлемдегі деректерді талдап, сұрақтарға жауап береді, мәтін құ­райды, сонымен қатар қазақ тілінің барлық морфологиялық және синтаксистік ережесін біледі.

«Біз қазақ тілінде бірінші ірі LLM тіл үлгісін жасадық. Жүйе нейрондық желі архитектурасы негізінде қазақ тіліндегі кез келген мәтінді түсінуге және өз біліміне сәйкес жауап беруге қабілетті. Біздің ChatGPT прототипіміз қазақ тілінің ережесін түсініп, әріптер мен буындар, сөздер мен сөйлемдер арасындағы барлық тізбекті есте сақтайды. Соны­мен бірге синтаксистік және грамматикалық тұр­ғы­дан дұрыс әрі пайдаланушының сұранысына сай келетін дәрежеде жауап береді», деді «Жасанды интеллект» ғылыми зерттеу институтының директоры Әлібек Барлыбаев.

Ғалымдар аталған жүйеге әдеби шығар­малар, нормативтік құжаттамалар мен ғылыми материал­дарды дайындау бо­йынша тәжірибе жүргізген. Енді олар жасанды интеллект моделін білім беру үрдісіне қолдануды ұсынбақ. Чат-боттың білімін қажетті ақпаратты нақтылау үшін пайдалануға болады.

«Мектеп оқушылары емтиханға дайын­далғанда тестегі кейбір ақпаратты, мәселен, математика теңдеуі немесе химиядағы терминді түсінбеді делік. Олар оны өздері нақтылағысы келеді. Бірақ қасында мұғалім болмайды. Сондай кезде балалар жүйеге сұрақ қойып, тез және қысқа жауап алады. Содан кейін қосымша сұрақ қоя алады. Бұл технологияны жалпы білім беретін курс­тарды жиі оқитын бастапқы курстардың студенттеріне де пайдалануға болады», деді PhD докторы Ә.Барлыбаев.

Бүгінде ІТ саласындағы ғалымдар мен мамандар жобаның техникалық және сер­верлік мүмкіндігін нығайтып, одан әрі дамытуды жос­парлап отыр.

 

 

Серіктес жаңалықтары