Дәріхананы өртеген Түркістан тұрғыны өртте қалды
Полиция тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Ал күдікті ауруханада ем алып жатыр. Оқиға Мақтаарал ауданына қарасты Атакент ауылында болды. Әлеуметтік желіде тараған видеодан бетіне маска киген жігіттің дәріхана ішіне белгісіз сұйықтық шашып жүргенін көруге болады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Желі қолданушысы Нұржамал Реметованың жазуынша, «психотроптық дәрілерді сатып, жастардың нашақорлыққа салынуына үлес қосты», - деп ашынған жігіт «Мұратфарм» дәріханасына от қойып жіберген. Содан өзі де өрт ішінде қалып, күйіп қалған, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған оқиғаға қатысты күдікті анықталғанын жеткізді.
«Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы дәріханалардың бірін өртеу бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталды, ол жергілікті тұрғын болып шықты. Ол өрттен күйіп қалған, бүгінде ауруханада ем алып жатыр. Басқа зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қазіргі уақытта полиция тергеу амалдарын жүргізіліп, мән-жайлар анықталып жатыр», - делінген Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.