Дауға ұласқан аттестаттау
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында білім сапасын, әсіресе орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажеттігін жайдан-жай айтқан жоқ, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Себебі Мемлекет басшысының бастамасымен 2019 жылы елімізде алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мұғалімдер орынсыз тексерістер мен өз қызметіне тән емес жұмыстардан босатылғандығы және жалақылары соңғы төрт жыл ішінде екі есе көбейтілгендігі білім беру саласының біршама ілгері басуына ықпалын тигізгенімен, оқушылар алған білім сапасы әлі де көңіл көншітерліктей емес. PISA-2022 халықаралық зерттеуінің нәтижелеріне сүйенсек, отандық шәкірттер математикалық сауаттылықтан 425 балл жинап, 81 елдің ішінде 46-орынды, жаратылыстану бойынша 423 балға ие болып, 49-орынды, ал оқу сауаттылығы бойынша 386 балл алып, 61-орынды місе тұтқан. Сөйтіп, еліміз өзінің басты бағдары – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттердің орташа көрсеткіштеріне қол жеткізе алған жоқ. Мәселен, ЭЫДҰ елдерінде математика бойынша 5-ші және 6-деңгейлерден көрінген оқушылардың үлесі 9 пайыз болса, осы жөніндегі көрсеткіш біздің елде 2 пайыздан аспады. Жаратылыстанудан өте сауатты оқушылар үлесі ЭЫДҰ елдерінде 7 пайызды құраса, бізде 1-ақ пайыз болды. Оқу сауаттылығы жоғары оқушыларымыздың үлесі де – 1-ақ пайыз. Осы орайда тағы бір айта кетерлік жайт – еліміздің бірде-бір өңірі ЭЫДҰ-ның білім саласындағы орташа көрсеткіштерінің ешқайсысына қол жеткізе алмады.
Мұғалімдерге қойылып отырған талаптың бірі – аттестаттаудан өту. «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес педагогтер Оқу-ағарту министрлігі айқындайтын тәртіппен аттестаттаудан өткізіліп, соның нәтижесі бойынша оларға біліктілік санаты беріледі немесе бұрын алған санаты расталады. Мұғалімдер бес жылда кемінде бір рет аттестаттаудан өтуге міндетті. Бұл үшін олар әуелі электрондық форматта Ұлттық біліктілік тестілеуінен (ҰБТ) өтуге тиіс.
Президенттің тапсырмасына сәйкес биыл Оқу-ағарту министрлігі аталған талапты күшейтуді ұйғарып отыр. Осы мақсатпен «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерді және білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» бұйрық жобасы әзірленіп, биылғы 29 ақпанда Ашық нормативтік құқықтық актілер порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Ұсынылған жаңашылдықтардың ішінде мұғалімдердің қазіргі 4 біліктілік санатының санын бесеуге дейін көбейту көзделген. Атап айтқанда, алдағы уақытта білім ұйымдарына жұмысқа жаңадан қабылданатын жас мамандарға «Педагог» біліктілік санаты берілмекші. Бұған қоса, біліктілік санатын алу және бұрын алған санатты растау үшін белгіленген ҰБТ өлшемшарттарын өзгерту қарастырылып отыр. Мысалы, осыған дейін «Пәндік білімдер» бағыты бойынша «педагог-модератор» біліктілік санатын алу үшін ҰБТ-дан 50 балл жинау талап етілген болса, енді бұл көрсеткіш 60 балдан кем болмауға тиіс. «Педагог-сарапшы» біліктілік санатын алу үшін бұрынғы 60 балдың орнына – 70 балл, «Педагог-зерттеуші» болу үшін бұрынғы 65 балдың орнына – 80 балл, ал «Педагог-шебер» атану үшін бұрынғы 70 балдың орнына 90 балл жинау қажет болады. «Оқыту әдістемесі» бағыты бойынша да жоғарылатылған өлшемшарттар енгізілмекші. Міне, осыған байланысты қазір әлеуметтік желіде кейбір мұғалімдер шу шығарып, Оқу-ағарту министрлігінің ұсыныстарымен келіспейтіндіктерін ашық жазды. Ашық нормативтік құқықтық актілер порталындағы қоғамдық талқылау барысында да әртүрлі ұсыныс-пікір ортаға салынып жатыр.
«Мен педагог-зерттеуші, педагог-шебер санаты барлардың тестілеуден өтуіне қарсымын. Себебі шеберге – 90 балл, зерттеушіге 80 балл жинау – өте көп. Біз робот, компьютер емеспіз. Қаншама күнделікті жұмысымыз тұр, соның бәрін ысырып қойып, тестілеуге ғана дайындалу керек болады онда. «Бізде педагог-зерттеуші мен педагог-шебер аз», деп айтып жүрсіздер. Ал мынадай талаптарыңызбен, әрине, олар саусақпен санарлық болады. Қазір мұғалімнің жұмысы онсыз да бастан асады, тіпті отбасына, туған баласына қарауға мұршасы жоқ. Сондықтан мұғалімнің еңбегін оның қол жеткізген нәтижесіне қарай есептесеңіздер де жеткілікті деп айтар едім», дейді Анар Садықова.
Ал Индира Байғожина: «Әлеуметтік желіде кейбір әріптестерімнің педагогтерді тестілеуге қарсылық білдіріп жатқанын көріп, таңғалдым. Әріптестер, біз 11 жыл оқытқан оқушымыздың Ұлттық бірыңғай тестілеуде 140 балл алғанын қалаймыз. Ала алмай жатса, ренжиміз. Ал біз өз пәнімізді оқытып жүріп, бар-жоғы 50 сұрақты қиынсынып отырғанымыз мұғалім деген атымызға сын емес пе? Мұғалім жоғары білімі бола тұра, өзінің сабақ беретін пәнінен тест тапсыра алмаса, оқушылар 5 пәннен қалай тест тапсырмақ? Оларды қандай мұғалімдер оқытып жүр? Ащы болса да шындық. Қазір мемлекет тарапынан педагог мәртебесін көтеруге көп қолдау көрсетіліп отыр. Алайда педагог өзінің білімі мен білігін растап отырғанда ғана шын мәнінде мәртебелі мұғалім атанбақ», дейді.
Пайымдап қарасақ, екі ұстаздың бір-біріне кереғар пікірлерінің қайсысының болсын жаны бар. Шынтуайтында, аттестаттау – кез келген мұғалім үшін оңайға соқпайтын, көп дайындалуды қажет ететін сынақ. Бертінде сенімді дереккөзден Солтүстік Қазақстан облысындағы бір қазақ орта мектебінің 8 мұғалімі «Аттестаттаудан оп-оңай өткізіп беремін» деген алаяқ әйелдің қолына әрқайсысы 300 мың теңгеден ұстатып жіберіп, кейін бармақтарын тістеп қалғанын естідік. Алайда олардың осы жөнінде құқық қорғау органдарына шағымдануға ар-ұяттары жетпеген. Бұл көптеген мұғалім өз біліміне сенімді емес екендігін көрсетеді. Себебі елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, ұстаздар қауымына мемлекеттік қолдау күшейтілгенге дейін мұғалім мамандығының беделі түсіп кеткен болатын. Оны көбінесе мектепте орташа оқыған түлектер таңдап келді. Соның салдарынан, тұтастай алғанда, еліміздегі білім беру сапасы күрт төмендеп кетті. «Ештен кеш жақсы» демекші, кейінгі жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған шаралардың нәтижесінде қоғамда мұғалім мамандығының беделі артып, мектеп бітірген үздік түлектер педагог мамандығын көбірек таңдайтын болды. Бұрын педагог мамандығы бойынша оқуға түскен студенттер орта есеппен 55 балл алған болса, былтыр осы көрсеткіш 110 балға жетті. Бұл – алдағы жылдары мұғалімдердің кәсіптік сапасы біртіндеп жақсаратындығының кепілі.