Депутат келер жылды зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жылы деп жариялауды ұсынды

30 қараша 2023 17:47 / Новости Казахстана

Депутат Қарақат Әбден харассментке қатысты анонимді сауалнаманы еліміздің барлық жоғары оқу орынында тәуелсіз түрде өткізуді ұсынды, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу кезек күттірмей шешетін мәселеге айналды. Елді елең еткізген соңғы хабарлар қоғамдық сананы дүр сілкіндірді. Осы қорқынышты жаңалықтар ізімен харассмент оқиғалары да тез тарады. Жақында Астана медицина университетінде профессор-оқытушының студентке жасаған жыныстық қысым фактісі анықталды. Осыдан кейін әлімжеттік көрген студенттер өз оқиғаларын әлеуметтік желіде жариялай бастады. Жеке өзіме әртүрлі оқу орындарының студенттерінен 100-ден аса хат келіп түсті», - деді Қ.Әбден.

Депутат жыныстық қысымға ұшыраған елордалық бойжеткеннің ісімен танысып, бұл салада кемшіліктердің көптігіне көзі жеткенін айтты.

«Дәл бүгін еліміздің оқу орындарында қанша харассмент оқиғасы орын алғанын дөп басып айту қиын. Себебі статистика жүргізілмейді. Ал заңда харассмент ұғымы атымен жоқ. Жалпы зорлық-зомбылықтың қай түрін болсын, яғни харассментті де қатаң қарап, заң жобасына бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу керек. Бұл жолы студент қызымыз батыл болып шықты. Еш қорықпастан болған жағдайды жайып салды. Тиісті шешім қабылданып, әлгі харассер жұмыстан шығарылды. Бірақ, біз мұндай мәселені әрқашан студенттің – батылдығына, басшының – әділдігіне сеніп қоя алмаймыз. Жүйелі, кешенді шешімдер керек», - деді ол.

Бұл тұрғыда депутат харассментке қатысты анонимді сауалнаманы еліміздің барлық жоғары оқу орындарында тәуелсіз түрде өткізуді ұсынды. Сонымен қатар, барлық жоғары оқу орнының жарғысына харассмент туралы нақты ережелер енгізуді сұрады.

«Бас прокуратураның деректері бойынша 2023 жылдың 10 айында тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан 85 әйел қаза тапқан. Қорқынышты статистика. Харасмент те зорлық-зомбылықтың бір түрі. Айтылған ойымды қорытындылай келе, келер жылды зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жылы деп жариялауды ұсынамын», - деді Қарақат Әбден.

Серіктес жаңалықтары