Депутат заң бойынша екінші әйел алуға рұқсат беру керегін айтты
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Ербол Сейілханға берген сұхбатында елімізде 2 әйел алуға тыйым салынғанын, бірақ заң бойынша тоқал алуға рұқсат беру керегін айтты, деп хабарлайды Arbat.Media.
Депутаттың өзі 2 әйел алуға қарсы адамдардың бірі екен. Бірақ елдегі дөкейлердің көбінің екінші әйелі бар көрінеді. Сондықтан заңға өзгеріс енгістер енгізу керек екен.
«Заңдық, құқықтық тұрғыдан келер болсақ, «де-юре, де-факто» деген ұғым бар. Оны заңгерлердің бәрі біледі. Де-юре – бізде екі әйел алуға тыйым салынған, оны білеміз. Заңсыз деп саналады, жауапкершілік жоқ, бірақ тыйым бар. Де-факто – шенеунік емес, тіпті кез келген жағдайы бар азаматтың екінші, үшінші, тіпті төртінші әйелдері барын білеміз. Дін жолындағы азаматтардың басым бөлігі осыны қолдайтынын білеміз. Қазір көбінікі құтырғандықтың белгісі. Тоқалдыққа кілең жастарды алады», - деді депутат.
Ол осы жерде шикілік барын атады. Яғни, ешкімнің әмеңгерлік жолмен үйленуге ниеті жоқ екен. Сонымен қатар, депутат тоқалдыққа жесір қалған әйелді алмай, жас қыздарды алатындар көп екенін атап өтті.
«Құбылыс ретінде бұған қарсымын. Бірақ мен немесе сіз қарсы болды екен деп тоқтап жатқан адам жоқ. Сондықтан тоқалдықты заңдастырып, заңмен реттеу қажет деп есептеймін. Заң бойынша екінші әйел алуға рұқсат беру керек. Құқықтық негилизм деген нәрсе бар. Ол заңның қолжаулыққа айналуы дегенді білдіреді. Заңда осы тыйымды ешбір адам сақтап жатқан жоқ», - деп қосты Абзал Құспан.