Димаш Құдайберген Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ашылуында өнер көрсетеді

7 қыркүйек 2024 0:24 / Новости Казахстана
Facebook.Dimash-kudaibergen

2024 жылдың 8-13 қыркүйегі аралығында Астанада Орталық Азияның көшпелі халықтарының дәстүрлерінен келе жатқан этникалық спорт түрлеріне арналған ірі халықаралық шара – V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Бұл ойындар Қазақстанның мәдени-тарихи мұрасын паш ететін маңызды алаңға айналады, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Іс-шараға ведомстволық бағынысты ұйымдар мен облыстық шығармашылық ұжымдарды қоса алғанда, 3 000-ға жуық өнерпаз қатысады. 8-ші қыркүйек күні сағат 16:00-де Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ашылу салтанаты алдында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Бағдарламада музыка, би және дәстүрлі өнер арқылы қазақ мәдениетінің сан алуан байлығы көрермен назарына ұсынылады», делінген ведомство хабарламасында.

Концерт аяқталғаннан кейін ресми ашылуы сағат 19.00-де басталады. Ашылу салтанатында заманауи сахналық технологиялар мен мультимедиялық дизайн қолданылған, 2 сағаттық ауқымды музыкалық-театрландырылған қойылым көрсетіледі.

«Ашылу салтанаты дәстүрлі түрде спорт делегацияларының шеруінен басталып, соңында Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің орындауындағы халықтар достығы мен бірлігі туралы музыкалық композициямен түйінделеді», деп атап өтті министрлік.

Әр елден келген спортшылар ат жарысы, ұлттық күрес, садақ ату және дәстүрлі ақыл-ой ойындары сынды 21 этникалық спорт түрінен бақ сынасады. Барлығы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Іс-шараның тікелей трансляциясын Qazaqstan, Qazsport, Jibek Joly, «Хабар» телеарналарынан көруге болады.

Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпелілер ойындары көшпенді халықтардың ұлттық спорты мен мәдени мұрасын насихаттауды мақсат етеді. Алғашқы ойындар 2014 жылы Шолпан-атада (Қырғыз Республикасы) өтті. Содан бері екі жылда бір рет ұйымдастырылып келеді. Көптеген спортшы мен көрермен қатысатын бұл іс-шара көшпелі мәдениеттің жаһандық маңызын көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары