Дүниежүзілік көшпенділер ойыны: Қазақстан құрамасының негізгі қарсыласы кімдер

5 қыркүйек 2024 11:23 / Новости Казахстана
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Қазақстан құрамасы БАҚ өкілдеріне арналған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы ашық оқу-жаттығу жиынын өткізді. Спортшылар физикалық және тактикалық дайындығын көрсетіп, алдағы жарыстан не күтетінін айтып берді. Жаттығу «Арғымақ» ат спорты кешенінде өтті. Бірінші болып құсбегіліктен ел намысын қорғайтын ұлттық құраманың мүшелері шеберлігін паш етті. Құсбегілер бүркіт, сұңқар және қаршығаны ырқына көндіріп, жүлдеге таласатын болады. Ережеге сәйкес, әр командада 9 спортшы бар. Әр құсқа үш спортшыдан келеді. Бүркіт бойынша Қазақстан намысын Абай ауданынан Ерзат Байқадамов, астаналық Серікбек Күнтуған және атыраулық Арман Қошқаров қорғайды, - деп хабарлайды Arbat.media.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Дүбірлі додаға 89 елден 2800 спортшы қатыспақ, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Қаршығамен түркістандықтар Дәурен Аршабай мен Бағдат Кеунов, астаналық Құдайберген Рауилұлы жүлдеге таласып көреді.

Ақмолалық Ерлан Кенжетаев, жамбылдық Бақдәулет Бабажан және түркістандық Ибрагим Базарбаев сұңқармен топ жаруға тырысады.

«Бұл — V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиынымыз. Жетінші қыркүйекте аяқтаймыз. Бүкіл түркі әлемінің назарында болатын маңызды спорттық іс-шараға спортшылар, тіпті, құстар да жан-жақты дайындалды. Күніне екі мәрте жаттығу жұмыстары бекітілген еді. Бұған дейін Алматыда, Бурабайда жаттығу жиындары ұйымдастырылды», — дейді Құсбегілер ұлттық құрамасының бас бапкері Арманбек Күнтуған.

Сондай-ақ білікті маман отандық спортшылардың басты қарсыласын атады.

«Барлық елдер бізге бәсекелес, себебі, олардың әрқайсысы өз ұлтының намысын қорғауға ұмтылатыны анық. Қырғызстан және Моңғолиядан келген бүркітшілерді ерекше атап өткім келеді. Біздің ата-бабамыз бұл өнерді ұрпақтан-ұрпаққа қалдырды. Біз бұл ұлттық мұраны мақтан тұтамыз», — деді жаттықтырушы.

Команда құрамында соңғы жылдардағы республикалық чемпионаттардың жеңімпаздары бар. Солардың бірі — Құдайберген Рауилұлы.

«Мен 8-сыныптан бастап жыртқыш құстармен аң ауладым. 2023 жылы Атырау қаласында өткен чемпионатта 3-орын алып, көшпенділер ойындарына қатысатын ұлттық құрама сапына ендім. 2013 жылдан бері қаршығаны баптаймын. Әрине, жеңіске сенеміз. Нәтиже көбінесе құстың жағдайына байланысты болатынын атап өткен жөн. Олар иесін дұрыс түсінуі үшін дұрыс тамақтандыру және қарым-қатынасты сақтау маңызды», — дейді спортшы.

Құсбегілерден кейін жамбы атудың шеберлері өз өнерін көрсетті.

Іріктеу ойынының қорытындысы бойынша V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын түркістандықтар — Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Батыр Бексауыт, сондай-ақ Жамбыл облысынан Абзал Тұлыбеков қорғайды.

«23 тамыздан бастап арнайы алаңда қорытынды оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. Жаттығу барысында басты бәсекелес саналатын Моңғолия, Қытай және Түркия спортшыларының әдіс-тәсілдерін, тактикасын жан-жақты зерттеп, арнайы дайындық жүргіздік. Алдағы ойындарға дайындық деңгейі және психологиялық әзірлік әжептәуір артқаны анық. Тамыз айында еліміздегі үздік садақшыларды жинап, арнайы іріктеу өткіздік. Осылайша, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында еліміздің намысын мықтылар қорғайтын болады», — деді жамбы атудан ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Бадашев.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Powerful Nomad бойынша жүлдегерлер анықталады. Қазақстан құрамасының құрамында қошқар көтеруден еліміздің рекордшысы, Қазақстанның рекордтар кітабына ресми түрде енген Азамат Мақұлбеков бар.

«Бұл жарысқа қатысуға 17-ден астам елдің мықтылары өтініш білдірген. Олардың қатарында Испания, Франция, АҚШ, Ресей және басқа да елдің спортшылары бар. Аты аңызға айналған балуанымыз Қажымұқан сияқты жауынгер деген атқа лайық екенімізді дәлелдеуіміз керек», — деді Қазақстан рекордшысы, Powerful Nomad бойынша ұлттық құраманың жаттықтырушысы Темір Спатаев.

 

Серіктес жаңалықтары