Елімізде бала асырап алумен кәсіби айналысатын отбасылар болады

12 қазан 2023 15:45 / Новости Казахстана

ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Мәжіліс депутаттарына Білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасын таныстырды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы  Kazinform жариялады.

Заң жобасы екі кодекске және 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Оның мақсаты – ҚР орта, техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ, құқықтық олқылықтарды, қайшылықтарды жою болып отыр.

«Бұл ретте заң жобасымен ұсынылатын негізгі новеллалар келесідей – балаларды асырап алатын кәсіби отбасы институтын енгізу, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары үшін хабарлама тәртібін енгізу, меншік нысанына қарамастан, білім беру ұйымдарында балалардың жекелеген санаттарының қолдау алуға құқықтарын кеңейту, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша онлайн оқытуды енгізу. Бүгінгі таңда республикамызда 22 мыңнан астам жетім және ана-ата қамқорлығынсыз қалған бала бар. Мемлекет тарапынан жүргізілген саясат нәтижесінде 12 жылда балалар үйінің тәрибеленушілері саны 4 есеге, балалар үйлерінің саны – 2,5 есеге азайды. Қазіргі уақытта білім, денсаулық әлеуметтік қорғау салаларына қарайтын 116 ұйымда 3509 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз балалар бар», - деді Е. Оспан Мәжілісте.

Баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар институтын енгізуде жаңа тәсілдер ұсынылады.

Мәселен, бала табылған соң балалар үйіне емес, бірден отбасына табысталады.

Әрбір бала ата-ананың назарымен және қамқорлығымен қамтылуы үшін бір кәсіби отбасындағы бала саны төртеуден асырылмайды.

Асырап алушы ата-аналардың жасы 30-53 аралығында болады, баланы қабылдайтын кәсіби отбасы мәртебесін алуға үміткер отбасылар психологиялық даярлықтан және қамқоршылық және қорғаншылық органдарда аккредиттеуден өтеді.

Психологиялық дайындықты жетім балаларға арналған білім беру ұйымдары жүзеге асырады.

Аталған ұйымдар оқыту қорытындысы бойынша өз ұсынымын дайындайды.

Қорғаншылық органдар кәсіби отбасы үміткерлерінің заңнама талаптарына сәйкестігін қарайды және дайындалған қорытындыға талдау жүргізіп, нәтижесі бойынша үміткер отбасын аккредиттеуден өткізеді.

«Сондай-ақ, заң жобасында отбасыларға жіберілетін балалар санатын кеңейту ұсынылады. Енді отбасыларға жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалармен қатар панасыз, қараусыз қалған арнайы әлеуметтік қолдауға мұқтаж балаларды да орналастыруды ұсынып отырмыз. Материалдық ынталандыру үшін әрбір жетім баланы асырап-бағуға 10 АЕК мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы және балалардың отбасында болу мерзіміне байланысты әрбір кәсіби тәрбиеші қызметіне 70 АЕК ақы төлеу көзделген. Ұсынылып отырған жаңа институт жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың және панасыз, қараусыз қалған балалардың отбасында тәрбиелену құқығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болмақ», - дейді вице-министр.

Автор
Серіктес жаңалықтары