Ертіс өзені арқылы өтетін көпір өртке оранды
31 қаңтарда Павлодарда салынып жатқан Ертіс өзені арқылы өтетін көпір өртке оранды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Өрт ошағы жерден 30 метр биіктікте орналасқанына қарамастан өрт сөндірушілері тілсіз жауды сөндірді.
«Өрт сөндірушілер келген сәтте жылу оқшаулағыш материалдар мен ағаш конструкцияларының жанғаны анықталды. Өрттің ошағы жер деңгейінен шамамен 30 метр биіктікте орналасқан. Алайда күрделі жағдайға қарамастан, өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрт қысқа уақыт ішінде толықтай сөндірілді»,- делінген хабарламада.
Айта кетейік, бірнеше жыл бұрын Павлодарда 1962 жылы салынған автомобиль көпір апаттық жағдайда тұрғандықтан, оның орнына жаңа көпір салу шешімі қабылданған болатын. Бастапқыда жоба құны 38 миллиард теңге болады деп бағаланған.