"Ескі көлік иелері алаңдап отыр". Экологтер полицейлермен бірлесіп рейд жүргізеді

20 ақпан 2024 14:00 / Новости Казахстана

Елдегі ескі көлік иелері алаңдап отыр. Экологтер полицейлермен бірлесіп рейд жүргізбек. Мақсат – түрлі көліктерден бөлінетін газ мөлшерін тексеру. Егер ауаны бүлдіру көрсеткіші нормадан асса, пайдалану құқы шектеледі. Мемлекеттік нөмірі қоса алынады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Экологиялық ахуал бұзылса, адам саулығына зиян. Дұрыс-ақ. Ұлттық экономика министрлігі түрлі мемлекеттік органдармен бірлесіп, әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне нақты өзгеріс енгізуге мүдделі.

«Осылайша, қолданыстағы әкім­шілік жаза қатайтылып жатыр. Нәтижесінде, газдағы зиянды заттар­дың мөлшері жоғары көлік құралын эксплуатациялауға – сол бұзушылық толық жойылғанға дейін тыйым салынады. Бұл бұзушылық тіркеле сала бірден күшіне енеді. Әйтпесе, қолданыстағы бұрынғы заң мәтіні мемлекеттік нөмірді алып қоюға тек құқық бұзушы­лық бірнеше рет әрі бір жыл ішінде қайталанса ғана рұқсат ететін. Жаңа талапты Қазақстандағы барлық жеке тұлғаға, сондай-ақ меншік нысанына және қызмет түріне қарамастан, барлық заңды тұлғаға қатысты енгізу ұсынылады», деп түсіндіріпті жақында министрлік сарапшылары.

Экологиялық рейд жиі өтпейтін әр облыста да мұндай ауа ластайтын, әрісі 30, берісі 10 жылдан асқан «темір-терсек» көп. Бірақ бұған дейін ұсталған көлік иелерінің 80 пайызы тек ескерту алумен құтылған. Қалғаны – бір жыл ішінде құқық бұзушылығын 2-3 рет қайталап үлгергендер. Сондықтан жағдайды дұрыстамақ ниетпен Үкіметте заң өзгеріп, полицияға бірінші қолға түскенде-ақ ауа ластаушы көліктің мемлекеттік нөмірін алып қоюға құзырет беріледі.

Жүргізушілер енді өзіне ескертіл­ген ақауларды жоймай көлік тізгін­дей ал­майды. Ол үшін қандай көліктің де фильтрі немесе катализаторын тазартпасқа не ауыстырмас­қа болмайды. Қызығы сол, әлгі та­лап орындалмай, рұқсаты жоқ көлікті айдап, жүгенсіздікке жол берілсе, 1,4 млн теңгелік айыппұл төлеуі әбден мүмкін. Талдап айтсақ, зиянды газды көп бөлетін автокөлікті немесе басқа да жылжымалы құралдарды пайдалансақ, жеке тұлғаға – 10 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК биыл 36 920 теңгеге тең), шағын кәсіпкерге не коммерциялық емес ұйымға – 50, орта кәсіпкерлік субъектісіне – 100, ірі кәсіпкерлік субъектісіне 200 АЕК (738 400 теңге) мөлшерінде айыппұл салу ұсынылып отыр.

Әкімшілік жазаға тартылғаннан соң бір жыл ішінде қайта ұсталсаңыз, жеке тұлғаға – 20, шағын кәсіпкер мен коммерциялық емес ұйымға – 100, орта кәсіпкерге – 200, ірі кәсіпкерлік субъектісіне 400 АЕК айыппұл белгіленген. Соңғысы 1 476 800 теңгеге тең деген сөз.

Мамандар мұндай айыппұл төлеп жүрмес үшін газдың зиян­дылығын көп төмендетуге кө­мектесетін ката­ли­тикалық түр­­лендіргішті (катализатор) ор­на­­туға кеңес береді. Аталған құрылғы азот окси­ді, көміртегі тотығы және жанбаған кан­це­рогенді көмірсутектер сияқ­ты зиян­ды ком­поненттердің таби­ғатқа таралуын тежейді.

Иә, талап орынды қойылып отыр. Бірақ ескі көлікті сүйретіп, су жаңасына қолы жетпеген халық үшін бұл заң тым асығыс емес пе? Көпшілік улы газды ауаға таратпауға күш салатын катализатордың өзі көп қаражат талап ететінін айтады.

– Автомобильдің түтін шы­ға­тын трубасында катализатор деген болады. Қызметі – мо­тордан шыққан улы газ­ды ұстап қалу. Зауыттан шыққан көліктердің көп ұзамай онысы бітеліп, машина тұншығып жүрмей қалады. Қолданыс мер­зі­мі – 1 жылдан 5 жыл арасы. Содан кейін оларды уақтылы ауыстыру керек. Өйткені сүзгі бітеліп, экологиялық функция­сын тоқтатады. Ал біз оны алып тастаймыз да жүре береміз. Бұрын «Егер Еуропада солай жүрсе, үлкен айыппұл төлейді екен» дегенді еститінбіз. Маған жөндетуге келген машиналардың 99 пайызында катализатор жоқ. Тіпті шетелден келген көліктердің біреуінде катализатор жоқ қой. Бәрін де сол жақта ағытып алып, орнына жалынбасқыш салып жіберген. Бұл – мотордан шығатын жалынды басатын, катализатордың орнына салатын спираль темір. Ал ол улы газды ұстамайды. Ол болмаса да глушительдің басқа бөлшектері көпке жетпей тесіледі. Енді қараңыз, автосалоннан алған көлік иелерінен басқалары түгел айыппұл арқалайды емес пе? – дейді көлік шебері Мәлік Орақов.

Оның айтуынша, бір кездері мерзімі бітіп, істен шыққан катализаторды ғана емес, басқа жерін жөндетуге келген машиналардың да сап-сау катализаторына дейін жаппай ұрлап, Ресей мен Қытайға өткізіп жіберді. Сондықтан елдегі бес миллионнан аса көліктің 80-90 пайызына катализатор жет­кі­зіп, оны орнатамыз деу тағы мүмкін емес. Құны 100 мың теңгеден бастап миллионға дейін баратын осы құрылғыны ескі кө­лік­теріне салуға халықтың қал­тасы көтере қоймайды-ау.

Жоғарыдағы көлік шебері айтқандай, осыдан екі-үш жыл бұрын ресейлік «ВАЗ» катализаторын 12 мың теңгеден, ал жапонның Subaru Forester көлігіндегіні 450 мың теңгеден қабылдаған да көрінеді. Бұл дүниенің не үшін құнды екенінің себебі де белгісіз.

Қала біткенді, әсіресе халық көп шоғырланған Астана, Алматы сияқты мегаполистерді қа­лың тұмандай зиянды газ басып тұр. Экология министрлігінің мәліметінше, автомобиль көп тіркелген ірі қалаларда ауадағы аэрозольдердің шоғырлану көр­сет­кіші қалыптағыдан 10 есе жоғары, газ 25 есе көп. Соның ішінде көлік түтінінен бөлінетін газ үлесі – 60-70 пайыз. Тағы бір дерек, Алматы қаласында ауаға түсетін зиянды заттардың жалпы көлемінің 80-90 пайызы – көліктерге тиесілі.

Кейінгі буында демікпе, аллергия сияқты ауру көбейген. Жоғарыдағы қос қала ғана емес, ел арасында тыныс алу жүйесінің аурулары – гайморит, ларинготрахеит, бронхит, бронхопневмония, өкпе қатерлі ісігі секілді кесел түрлері азаяр емес. Бұл – ақ халаттылардың пікірі.

Ал көліктен шығатын зиянды тү­тін­нің климатқа, табиғатқа теріс әсе­рі­нен бөлек, «жаһандық жылыну» үдерісін тездететінін көбі біле бермес. Сондай-ақ өсімдік біткенді әрі ауыл шаруа­шылығындағы азықтық дақыл­дар­ды да бүлдіретіні бар.

– Расымен, ескі транспорт экологиядан бөлек, жол-көлік оқиғаларына, оның ар жа­ғын­да қанша адамның ажал құшуына себепші болып жатады. Өкініш­ті­сі сол, қазір халыққа ескі көлік­тен басқа таңдау болмай тұр. Жа­ңалары тым қымбат. Біз ұмыт­па­сақ, 2015 жылы отандық автопромды қолдап, елдегі көлік паркін жаңарту бойынша сырт елден келетін автомобильге өтіл алым енгіздік. Бірақ оның мөл­ше­рі көп. Қазір 7-8 жыл өтті, ол бағдарлама тиімсіз екенін тағы көрсетіп отыр. Қазір елдегі автопарк бұрынғыдан да ескіріп кетті. Баға әлі түсетін емес. Сон­дық­тан ескі көлікті тізгіндеп жүр­ген халыққа айып­пұл салам деу қи­сын­сыз, – дейді экономист Сәбит Рысбаев.

Айтуынша, Қазақстандағы ескі кө­лік­терді азайту үшін жаңа көлікте тиім­ді баға болу керек. Екіншіден, жаңа көлік алам деушілерге түрлі жеңілдік жасап, алым-салықты азайтқаны жөн. Бұл жағынан қазір халыққа таңдау берілмей отыр.

Ал шетелден көлік тасып, Қа­зақ­­стан­ға заңдастырып жүр­гендер бұған не дейді? Тәжіри­белі жүргізуші Ербол Қожақов көлікті Грузия не Арме­ниядан әкелгендер түрлі кедергіге тап болатынын айтады. Екіншіден, қазір шетелдік көлік үшін алынатын алым-салық пен тір­ке­ту ақысы бұрынғыдан да қым­бат­таған.

– Мен өткен айда 4 млн тең­ге­ге Грузиядан Kia Optima деген көлік әкелдім. 2017 жылғы шыққан, қозғалтқыш көлемі – 2,4. Осы көлікті «қазақ» қылу үшін өтіл алымға – 923 мың теңге, алғашқы төлемге – 1 млн 861 мың теңге, сертификаты мен кедендік салыққа 1 млн 100 мың теңге төледім. Бұл баға көліктің шыққан жылы мен көлеміне қарай өзгере береді. Осылайша, қаңтар айының соңында көлік құжатын жасадық. Сонда жол шығынымды есептегенде 8 млн теңгеге машина мініп отырмын. Қазір 1 ақпаннан бастап Қазақстанға кірген көліктерге жоғарыдағы төлемдерге қосып, қазақ­стандық «SOS-батыр­ма­сын» орнатуға ақша керек. Мейлі, онда апаттық тетік бұрыннан болса да, ол біздің елге жарамайды. Мысалы, бұның бағасы – Қызылордада 220 мың теңге, – дейді Е.Қожақов.

Кейіпкеріміздің айтуынша, баға жыл сайын өсіп келеді. Сондай-ақ жаңа көлікті өзің үшін, яғни пайдаланамын деп әкелсеңіз, онда шетелге баруға болады. Өйткені Ербол алған Kia Optima маркілі көлікті алым-салығымен 8 млн десек, Қазақ­стан­нан дәл мұндай бағаға таппайсыз. Расы – осы.

Ал Үкімет тек заңды кү­шей­тіп, көне темір тұлпар­лар­дың түтініне «тежеу» салу ісіне мықтап кірісе ме? Бұл – алда­ғы уақыт еншісінде. Заңды әзір­леуші Ұлттық экономика ми­нистр­лігінің ұстанымынша, бұл кө­лікке деген талап – халық ден­­­сау­лығын сақтауға және қор­ша­ған ортаны қорғауға бағыт­тал­ған. Біздің білетініміз, көлік бағасының өсуі де, көркем таби­ғатты бүлдіру де әзір тоқтар емес. Бір-бірімен ерегісе жарыс­қан­дай. Өкініштісі де осы.

 

 

Серіктес жаңалықтары