Еуродепутат қазақстандықтар үшін виза режимін жеңілдетуді сұрады
Еуропа Парламентінде Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ парламенттік комитетінің 20-шы отырысы өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл турады Каzinform агенттігі жариялады.
Аталған шараға қатысу үшін Брюссельге ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан бастаған делегация келді.
Еуропарламент тобын ЕП Орталық Азиядағы және Моңғолия елдері бойынша (DCAS) делегациясының төрағасы Томаш Здеховский басқарды.
Отырыс барысында Қазақстан-Еуропа ынтымақтастығының өзекті мәселелері, оның ішінде сауда-экономикалық қарым-қатынас, Орталық Азиядағы аймақтық саясатты дамыту, адам құқықтары, заң үстемдігі, ҚР азаматтары үшін визалық режимді ырықтандыру мәселелері талқыланды.
Осылайша, еуропалық депутаттармен сұхбат барысында А.Құспан Қазақстанда осы аймақтағы ауқымды және бірегей конституциялық реформа жүргізіліп, ұлттық референдумда қазақстандықтар тарапынан қолдау тапқанын баяндап берді.
«Нәтижесінде азаматтардың саяси процеске қатысуы айтарлықтай кеңейді. Ұлттық диалог жаңа деңгейге көтерілді. Саяси реформалардың маңызды бөлігі Президентке бір реттік жеті жылдық мандат беру болды. Біз аралас сайлау жүйесіне көштік, қысқа мерзім ішінде Президент, Сенат, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын өткіздік. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жетілдірілді, омбудсмендердің мәртебесі мен өкілеттігі күшейтілді», - деді А.Құспан.
Мәжіліс комитетінің басшысы Брюссельде Қазақстанда «Балаларға арналған ұлттық қор» құрылғаны туралы да айтты.
Оның айтуынша, бар болғаны бір айдан кейін біздің табиғи байлықтарымыздан түскен қаражат Қазақстандағы балалардың есепшотына түсе бастайды.
«Реформаларды жүргізген кезде біз ең алдымен ұлттық мүддені – ішкі саяси тұрақтылықты ойлауымыз керек. Әйтпесе, Қазақстанның мемлекеттілігі мен тәуелсіздігіне орны толмайтын қауіп төнуі мүмкін», - деп атап өтті А.Құспан.
Өз кезегінде еуропалық депутат Т.Здеховский қазақстандық депутаттар делегациясын Еуропалық Одақ аумағында болып жатқан оқиғалардан хабардар етті.
Атап айтқанда, Еуродепутат Еуропада келесі жылы бірқатар сайлауға дайындық өтіп жатқанын айтты.
Оның сөзінше, 2024 жылдың 6-9 маусымы күндері өтетін жалпыеуропалық сайлау ерекше маңызды оқиға болмақ.
«Бұл Еуропарламентке Ұлыбританияның қатысуынсыз өтетін алғашқы сайлау болады. Жалпы, бұл қиын сайлау болмақ. Барлық партиялар жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз. Екіжақты қарым-қатынасқа келетін болсақ, біз - ЕО және Қазақстан болып, елдеріміз арасындағы тауар айналымын арттырып жатырмыз. Сіздің елде көптеген еуропалық инвесторлар жұмыс істейді, бұл жерде мен «Шкода» автоконцернін атап өткім келеді. Әлбетте, сіздердің елдеріңіздегі жағдайды болжауға болады және бұл өте маңызды», - деп атап өтті Еуропарламенттің DCAS басшысы Т.Здеховский.
Еуропарламенттің чех депутаты Қазақстанның адам құқықтарын қорғау саласындағы жетістіктерін ерекше атап өтті. Осы тұрғыда ол ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Талғат Ластаевтың өткен аптада Брюссельге сапарының оң нәтижелеріне тоқталды.
Парламенттік ынтымақтастық комитетінің отырысын жалғастыра отырып, еуропалық депутаттар мен ҚР Парламенті Мәжілісінің өкілдері Қазақстандағы экономикалық жағдай, Орталық Азияда жаһандық климат, су ресурстарын сақтаудың өзекті мәселелері, Еуропа мен Орталық Азия арасындағы көлік бағыттары туралы пікір алмасып, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайға тоқталды.
Бельгиядағы қазақстандық БАҚ-қа берген түсініктемесінде Т.Здеховский Еуропарламент Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдетуді толығымен қолдайтынын атап өтті.
«Осыған байланысты мен Орталық Азия елдері мен Моңғолия елдері делегациясының басшысы ретінде Еуропалық комиссияға хат жолдап, Урсула фон дер Ляйеннің жеке өзінен жағдайды жақсарту үшін барынша күш салуды сұраймын», - деді Т. Здеховский.