Индонезияда өлім жазасына кесілуі мүмкін 2 қазақстандықтың жағдайы не болады? — СІМ жауабы
Индонезияда есірткімен ұсталған 2 қазақстандыққа қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Arbat.Media.
Екі қазақстандықтың Индонезияда есірткімен ұсталғаны ресми түрде расталды. Индонезия тарапы қазір тиісті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы бүгін Сенат отырысына қатысқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев айтты.
Қазақстан мен Индонезия арасында заң бұзып, ұсталған азаматтарды алмасу туралы келісім жоқ. Десе де Сыртқы істер министрлігі ресми сауал жолдамақ. Содан кейін тұтқынға алынған қазақстандықтардың тағдыры шешілмек.
Сондай-ақ, СІМ хабарлауынша, Таяу Шығыстағы қарулы қақтығысқа байланысты Қатар мен Біріккен Араб Әмірліктері әуе кеңістігін жапқан. Салдарынан 300-ге жуық транзиттік жолаушы Доха әуежайында қалып қойған. Қазір олар өз рейстерін күтіп отыр. Бұған дейін Таяу Шығыстан 960 азамат елге қайтарылған.