Интернет сапасы арта ма?

13 маусым 2024 9:12 / Новости Казахстана

Шалғай ауыл мектептерінің енді интернеті жақсарады. Олай дейтініміз, «Starlink» технологиясының көмегімен 106 мектептің интернет жылдамдығы артады. Мұндай игілікті іс республикалық ғарыштық байланыс орталығымен бірлесіп жасалды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Мамыр айының ор­та ше­нінен бері ­рес­пуб­­ликалық ға­рыш­­­­тық байланыс орталығының сеп­ бо­луымен бірнеше мектепке «Starlink» жүйесін орнату жұмыстары басталды. Об­лыс­тық ақпараттандыру, мем­­ле­кет­тік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы атал­ған орталықпен 145,5 млн теңге қа­ражатқа келісімшарт жасас­қан.

«SpaceX» компаниясының спутниктік жүйесі шалғай жердегі жұртшылықтың сапалы интернетке қол жеткізуіне айтарлықтай серпін болып тұр. Әсіресе мұндай озық технология алыста жатқан ауыл мектептеріне ауадай қажет дүние. Әзірге ондағы мектептерге толыққанды провайдер орната қою қиын екені рас-ты. Бірақ құрылып жатқан жаңа жүйе мұндай кедергіге қарамай, ауыл балаларының сапалы білім алуына жол ашады. Яғни компания жер шарының кез келген нүктесіне ғаламтор желісін тарта алатынымен ерекше. Осы жобаның арқасында көптеген шалғайдағы елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізіп, білім берудің ғана емес, медицинаның дамуына да мүмкіндік алып отыр.

– Жаңа технология сымсыз, яғни спутник жүйесі арқылы интернет таратады. Мұның мүм­кіншілігі зор. Қомақты қаржы жұмсалады екен деген сұрақ туындауы мүмкін. Бірақ кәдімгі дәстүрлі интернет тартыл­ғанша жаңа жүйе қызметін атқара тұ­ра­ды. Қар­жы­ландыру мәсе­лесі облыс бюд­жетінен жүзеге асады, – дейді облыстық ақпа­рат­тандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер бас­қармасы басшысы­ның орынбасары Мейіржан Жұмаханов.

Қазірдің өзінде айма­ғы­мыз­дағы 106 мектептің 42-сі «Starlink» интернетіне қосылып үлгер­ді. Қалған 64 мектепті шіл­де айының соңына дейін қосып біте­міз дейді жауаптылар.

Ал ай сайынғы абоненттік төлеміне келетін болсақ, бір мектеп үшін 149 774 теңгені құрайды. Жылына шамамен 1 млн 800 мың теңге шығады. Бұған дейін Көкпекті аулының мектебі жылдам интернеттен жұрдай еді. Бұл білім ошағында 487 бала білім алады. Бұған дейін «Қазақтелекомның» секундына 8 мегабиттік ғаламтор жүйесін пайдаланып келген. «Starlink» орнатылғаннан соң мұндағы интер­неттің жылдамдығы ­10 есеге өскен көрінеді.

– «Starlink» жүйесі бізге 25 мамырда орнатылды. Мұға­лім­дер мен оқушылар риза. Мекте­бімізде 4 информатика кабинеті, онда 100 компьютер бар. Бұрынғы интернетіміздің жылдамдығы өте төмен еді. Барлық компьютерді бірден пайдалану мүмкін болмайтын. Енді, міне, мәселеміз оңынан шешілді. Оқушыларымыздың бағасын электронды «Bilimal» журналы арқылы қоямыз. «BilimLand», «TopIQ» сынды электронды қолданбаларды да жиі пайдаланамыз. Бұдан бөлек, Ұлттық бірыңғай дерекқор бар. Онда мектептің барлық керек мәліметі жүктеледі. Заманның дамыған уағында кез келген оқушы интерактивті негізде білім алғысы келеді. Әсіресе ауыл балалары. Сол себепті, осындай игі іске атсалыс­қан барлық құзырлы органға алғы­­сымызды айтамыз. Жаңа оқу жылында жаңа интернет жүйесімен оқушыларымызға сапалы білім, саналы тәрбие береміз, – дейді Көкпекті жалпы білім беру мектебінің директоры Гаухартас Жаймина.

Озық жоба ойдағыдай аяқ­талса, онда 8,5 мыңға жуық оқушы жылдамдығы жоғары ғаламтор желісіне қол жеткізіп, білімін тереңдете алады.

Жоғарыда айта өткеніміздей, бұл жаңа технология елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілері толығымен жеткізілгенге дейін қызмет атқарады. «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында 2027 жылдың соңына дейін облыстың 164 елді мекеніне талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту көзделген.

 

Серіктес жаңалықтары