Кореяда 20 жастағы қазақстандық үйіне қайту үшін мейрамхананы тонаған
Оңтүстік Кореяда 20 жастағы қазақстандық мейрамхананы тонап, ұрланған ақшаға елге оралмақ болған. Алайда оны полиция ұстады, деп хабарлайды Arbat.Media Tengritravel.kz сайтына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, шамамен 20 жастағы қазақстандық А. жұмыс күні басталғанға дейін бос тұрған мейрамханаға кіріп, одан 490 000 вон (191 мың теңге) қолма-қол ақшаны ұрлаған. Кейін ол ұсталып, қамауға алынған.
"Таңғы сағат 9:10 шамасында А. мейрамханаға терезеден кіріп, мейрамханадағы сейфтен 420 000 вон және тұрмысы төмен топтарға арналған қайырымдылық жәшіктен 60 000–70 000 вон қолма-қол ақшаны ұрлаған", – делінген басылым сайтында.
Осы сәтте мейрамхана иесі келіп, жігітті байқап қалып айғай салған. Мекеме иесі соңынан қуа жөнеліп, дәл сол мезетте патрульдік көлікті байқап қалады. Полицейлер бұзақыны жылдам ұстап: біреуі артынан жүгірсе, екіншісі көлігімен қашу жолын бөгеген.